НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. Әділбек Жақсыбеков "ҚазТрансГаз" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Компания басқармасы және директорлар кеңесі осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін директорлар кеңесін Қайрат Шәріпбаев басқарды. Ол "ҚазТрансГаз" АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Сондай-ақ, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының маркетинг және тасымалдау жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарады. Осы тағайындаулар "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқармасымен келісілді.
Рустам Сүлейманов Шәріпбаевтың орынбасары болды. Бұрын ол бас директор қызметін атқарды.
Айта кетейік, 2000 жылы құрылған "ҚазТрансГаз" көгілдір отынды тасымалдау және газбен қамтамасыз ету саласында негізгі компания болып табылады.
Әділбек Жақсыбеков туралы не білеміз?
Әділбек Жақсыбеков 1954 жылы 26 шілдеде Қостанай облысы, Қарабалық ауданының Бөрілі ауылында туған. 1982 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық кинематография мемлекеттік институтының экономика факультетін тәмамдаған.
1995 жылы Қазақстан сенатына сайланады. 1996 жылы Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ал бір жылдан кейін Астана әкімі болды. Одан кейін индустрия және сауда министрі, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі, қорғаныс министрі, мемлекеттік хатшы қызметін атқарды. Бұдан бөлек, президент әкімшілігін екі рет басқарды. Осы қызметтен зейнет жасына жетуіне байланысты босатылған болатын.
2018-2019 жылдар аралығында "Цесна" корпорациясы" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.
Қайрат Шәріпбаев қандай қызметтер атқарды?
Қайрат Шәріпбаев 1963 жылы 16 тамызда дүниеге келген. 2001 жылдан бері газ саласында жұмыс істейді.
2015 жылы желтоқсан айында "ҚазТрансГаз" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Келесі жылы маркетинг пен тасымалдау бойынша атқарушы вице-президент болды.
Ал 2018 жылы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының маркетинг және тасымалдау жөніндегі орынбасары қызметіне келді. "ҚазТрансГаз" АҚ-сына кіретін барлық компаниялардың жұмысына жауапты болды.