ТАЛДЫҚОРҒАН, 8 қараша – Sputnik. Алматы облысының жолдарында "үш аяқты" қондырғының көмегімен айыппұлды төлегісі келмейтін жүргізушілер анықтала бастады.
Облыстық полицияның мәліметінше, полицейлер сот орындаушылармен бірге ереже бұзушылардан екі күннің ішінде 3 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұлды өндіріп алған.
Оқи отырыңыз: Елімізде жүргізушілерге тағы бір жаңа айыппұл салу қарастырылып жатыр
"Тыйым салу түрінде шектеу қойылған 172 автокөлік анықталды. Оның ішінде айыппұлды әдейі төлемей жүрген борышкерлерге қатысты 154 қаулы орындалып, 2 миллион 904 мың 584 теңге өндірілді", - дейді әкімшілік практика бөлімінің аға инспекторы Саят Ибраимов.
Полицейлер "Крис-П" радар-кешенді қондырғыларын пайдаланып жатыр, оның базасына ереже бұзушылар туралы мәліметтер енгізілген. Сондай-ақ олардың арасында алимент пен салықтан жалтарушылар да бар.