Оқиға

Нұр-Сұлтанда селфи жасамақ болған жігіт көпірден өзенге құлап кетті

Өзеннің бетіне мұз қатпағандықтан ер адам жарақат алған жоқ, ол өзі жағалауға жүзіп жеткен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтанда селфи жасамақ болған жігіт Есіл өзеніне құлап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға жетінші қарашада болған.

"Атыраулық көпірден ер адам секіріп кетті деген хабарлама түсті. Оқиға орнына жеткен полицейлер 22 жастағы жігіттің селфи жасап жатқан кезде Есіл өзеніне құлап кеткенін анықтады. Ер адам жарақат алған жоқ, өзі жағалауға жүзіп жеткен", - деді полицейлер.

Елорда полициясы тұрғындарды экстремалды фото жасаудың қауіптілігі туралы ескертті.

Еске сала кетсек, осыған ұқсас жағдай бір ай бұрын болды – ішіп алған екі ер адам селфи жасау үшін Қабанбай батыр даңғылындағы көпірдің дарбазасына шығып алған. Куәгерлер хабарлаған соң полицейлер оқиға орнына келеді.Тұрғындар енді 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.