НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Қазақстандықтардың ұялы телефонына жеке құжаттардың мерзімі аяқталғаны туралы SMS-хабарлама жіберіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жеке куәліктің, паспорттың және жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғаны туралы SMS телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтарға құжат мерзімінің аяқталуына бір ай қалғанда келеді.
Оқи отырыңыз: Енді қазақстандықтарға салық берешегі туралы SMS-хабарлама жіберіледі
Хабарламада "Жақын арада сіздің жеке куәлігіңіздің (паспорттың, жүргізуші куәлігінің) қолданылу мерзімі аяқталатынын еске саламыз. Жаңа құжатты алу үшін үйден шықпай-ақ eGov.kz арқылы өтініш бере аласыз" деп жазылады.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, проактивті қызметтің арқасында адамдар құжат мерзімін өткізіп алмай, тапсырыс бере алады.
"Осылайша, біз қазақстандықтардың мерзімі өткен құжаттар үшін айыппұл төлемеуіне жағдай жасағымыз келеді", - дейді Тұрысов.
Айта кетейік, жеке куәлік пен паспортты eGov.kz порталында "Паспорт, жеке куәлік алу" қызметін пайдалану арқылы ұзартуға болады. Ал қолдану мерзімі өткен жеке басты куәландыратын құжаттарды тек ХҚКО-да ауыстырады.
Жүргізуші куәлігін қолдану мерзімі өтіп кетсе,сондай-ақ, тегі, аты және әкесінің аты өзгерген, жоғалған немесе ұрланған жағдайда порталда онлайн өтінім беру арқылы қайта шығаруға болады. Ол үшін "Жүргізуші куәліктерін беру" қызметін таңдау қажет.
Мобильді азаматтар базасында тіркелген азаматтарға сондай-ақ 1414-тен туған күніне орай құттықтау мен тілектер жазылған хабарламалар жіберіледі.