Оқиға

"Қабанмен шатастырды": Польшадағы қазақстандық өліміне қатысты тың дерек шықты

Қайғылы оқиға 1 қарашада болған. Ол күні Ключковице елді мекенінде орналасқан интернат студенттері 200 метр шалғай жердегі алма бағына барған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Польшаның бұқаралық ақпарат құралдарында 16 жастағы қазақстандықтың өліміне қатысты тың деректер жарияланды.

Dziennik Wschodni басылымы таратқан мәліметке сәйкес, бас кезінде құқық қорғаушылар "жасөспірімді жабайы жануармен шатастырып алған аңшы атып кетті" деген болжам жасаған. Дәл солай болып шықты. 

Қайғылы оқиға 1 қарашада болған. Ол күні Ключковице елді мекенінде орналасқан интернат студенттері 200 метр шалғай жердегі алма бағына барған.

Жасөспірімдердің айтуынша, бақшаға кіргеннен кейін жақындап келе жатқан көліктің дыбысы естілді. Сол кезде олар қорқып, ағаштардың арасына жасырынған. Одан кейін біреу автомобильден шықты да, оқ атты. Қазақстандыққа тиген бытыра оның өкпесі мен бауырын тесіп өтті. Беті де жарақаттанған. Оны көрген балалар айқайлай бастады. Ал аңшы көлігіне отырып, кетіп қалды. Оқиға орнына дәрігерлер шақырылды. Бірақ мамандар келгенше қазақстандық алған жарақаттарынан қайтыс болды. 

Құқық қорғаушылар бір тәуліктен кейін 51 жастағы ер адамды ұстады. Ол бұрын полицияда жұмыс істеген. Бұдан бөлек, аңшының жанында болған шіркеу қызметшісі де қамауға алынды. Оған зардап шеккен адамға көмек көрсетпеді деген айып тағылып отыр. Сол үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал адам өлтірген браконьер 8 жылға дейін түрмеге аттанады. 

Жауап алу кезінде бұрынғы полицей ағаштың арасында жасырынған баланы қабан деп ойлап қалғанын мәлімдеді. Екеуі де сол күні заңсыз аңшылықпен айналысқанын мойындады. 

Польшаның аңшылар қауымдастығы да осы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ұйым мүшелері қылмыс жасаған ер адамның аңшылықпен емес, браконьерлікпен айналысқанын мәлімдеді.

"Бұдан бөлек, ол аңшылардың этика нормалары мен қауіпсіздік ережелерін бұзды. Біз құқық қорғау органдарына оны жазалау жағынан көмектесуге дайынбыз, қылмыскер ұйымның қатарынан шығарылады", - дейді қауымдастық өкілдері. 

Осы оқиғадан кейін халық Люблин қаласында наразылық акциясын өткізуге шешім қабылдады. Әкімшіліктің мәліметі бойынша адамдар сейсенбі күні сағат 13:00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 18:00-де) аңшылар қоғамының штаб-пәтері алдында жиналайын деп жатыр.  

Айта кетейік, бұған дейін сыртқы істер министрлігі Польшада 16 жастағы қазақстандықты атып тастағаны туралы ақпарат таратқан болатын. Елшілік қызметкерлері оның туыстарымен байланыс орнатып, марқұмның денесін елге қайтару жұмыстарын бастады.