НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысы шекараға жақын орналасқандықтан, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылау оңай болмай отыр. Оған қоса, транзиттік көліктер көп өтеді. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол жергілікті билік барлық жағдай жасайтынын жеткізді. Алайда халықтың қолдауы болмаса, коронавирустың екінші толқынына төтеп беру қиын деп отыр.
"Бас кезінде бірінші толқынға толығымен дайын болған жоқпыз. Сол кезде орынды сын-ескертпелер айтылды. Мен өзім жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаным үшін тәртіптік жаза алдым. Содан қорытынды шығардық", - деді Оразалин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Облыс басшысының айтуынша, ендігі мақсат – коронавирустың екінші толқынына жол бермеу.
"Облыс арқылы күн сайын жүздеген көлік өтеді. Біраз адам шетелден келеді. Ондайда вирусты екінші рет алып келу қаупі бар. Мысалы, бір тәуліктің ішінде тағы 6 адам анықталды. Көбісі сырттан келеді. Біз оларды шекара бекеттерінде бірден анықтап, оқшаулап отырамыз. Дегенмен, коронавирустың таралу қаупі бар", - деп атап көрсетті Оразалин.
Бүгінде Ақтөбе облысында дайындық шаралары аясында 3 мыңнан астам төсек-орын жасақталды. Соның ішінде 400 орын жансақтау бөлімдерінде орналасқан. Барлығы өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылып тұр. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры әзірленді.
"Коронавирустың екінші толқынына жол бермеу керек. Әрине, ол облыс тұрғындарының қорғану шараларын сақтау дәрежесіне байланысты болады. Мысалы, бетперденің өзі ауруды жұқтыру қаупін азайтады. Біз барлық жағдайды жасаймыз. Ең бастысы, осы еңбегіміз зая кетпесе болғаны. Халық тәртіпті сақтайды деп сенеміз", - дейді Оразалин.
Облыста қандай шектеулер бар
Қазіргі кезде шекарадан өткен әрбір адамда ПТР-тесттің анықтамасы болуы қажет. Ондай құжат болмаса, карантинге жауып қояды. Шекараға жақын елді мекендерде карантиндік блоктар жасақталған. Сол жерде сынама алынады.
"Шекара арқылы өтетін транзиттік көлік жүргізушілері де тестен өтіп тұрады. Ол үшін жылжымалы бекеттер бар. Өкінішке қарай, Ресейден келетін адамдардың арасында коронавирус жұқтырғандар бар. Әрине, біз оларды ауруханаға жатқызамыз. Алайда оңтүстік жаққа өтіп кетсе, сол жаққа инфекция жұқтырған адамның барғаны туралы хабар береміз", - деді Оразалин.
Бүгінде шекара арқылы туған-туыстарына баратын адамдардың сапарлары да шектеліп жатыр.
Айта кетейік, биыл маусым айында коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңестің отырысында мемлекет басшысы бірнеше әкімге сөгіс жариялаған болатын. Олардың ішінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин да бар.