Өңірлер

Кәсіпкерге қастандық жасалды: куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Тапа-тал түсте оқ жаудырған бұзақылар ұсталды. Аяғын оқ тесіп өткен кәсіпкер мен қызметкер ауруханада жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Алматы облысында демалыс аймағының иесі мен қызметкеріне қастандық жасады деген күдікке ілінгендер ұсталды.

Бірақ полиция нақты қанша адамның ұсталғанын айтпай отыр. Іздеуде жүргендердің де саны белгісіз. Тек бәріне "адам өлтіруге оқталды" деген ауыр баптармен айып тағылғаны мәлім, деп хабарлады КТК.

Георгий Федасов – атысты өз көзімен көргендердің бірі. Байсерке тұрғыны демалыс аймағына сол күні ұлын ертіп келген екен. Баласы өзге демалушылардың балаларымен батутта ойнап жүріпті. Ал өзі атпен серуендеу үшін кезегін күтіп тұрған. Нақ сол мезетте бір топ жігіт кіріп келіп, қырғын салған. 

"Кезекті күтіп алаңсыз тұрғанмын. Қасымда басқа адамдар болды. Бастапқыда не болғанын түсінбей қалдым. Олар қожайынды желкелеп, үйдің артына қарай алып кетті. Содан 1 минут өтер-өтпестен атыс басталды. Қожайынның құлағанын көрдім. Содан қорқып, ұлыма қарай жүгірдім. Олар 15-20 шақты жігіт болатын. Бәрінің қолында қару болды", - дейді оқиға куәгері Георгий Федасов.

Оқиға куәгерінің айуынша, қаскөйлер автомат пен травматикалық қарудан оқ жаудырыпты. Одан қалды, демалыс кешеніне қатысы жоқ өзге келушілерге де қару кезенген көрінеді. Александр Калашников өзін тапаншамен атқанын айтады. Такси жүргізуші бала-шағасымен демалуға келген клиенттердің бірін алып кетуге келген екен. Абырой болғандай, дер кезінде қашып үлгерген. Ал оған бағытталған оқ көлігіне тиген.

Бес рет қастандық жасалған: Алматы облысында кәсіпкерді өлтіріп кетті 

"Клиентті күтіп тұрғанмын. Кенеттен атыс басталып кетті. Жұрт бала-шағасын құшақтап, қаша жөнелді. Қаскөйлердің бірі маған қарай тапанша қаратты. Қайта қашып үлгердім, әйтпесе көлігіме тиген оқ маған тиер еді. 3 балам жетім қалар еді", - деп атап өтті Александр Калашников.

Тапа-тал түсте оқ жаудырғандар ұсталды. Бірақ, бәрі бірдей емес. Тек қару асынған негізгі күдіктілер ғана.   

"Жедел іздестіру іс-шарасы барысында Алматы облысының полиция қызметкерлері негізгі күдіктілерді құрықтады. Олар Алматы қаласында, Алматы және Қостанай облыстарында қолға түсті. Қалған мәлімет тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды", - дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайделдин.

Полиция демалыс кешеніне баса-көктеп кіргендердің бәрі бірдей мылтық қолданбады деп отыр. Ұсталғандарды куәгерлер танып та үлгерді.  Дегенмен, қаскөйлер кінәсін мойындар емес. Айтуларынша, бірі демалыс кешенінің жанынан өтіп бара жатқанмын десе, қалғаны "жай кәуәп жеуге келгенбіз" деп басын ала қашып отыр екен. 

"Күйеуімді атқан күдікті бұл іске қатысы жоғын айтып жатыр. Жанынан өтіп бара жатқанмын деп жайбарақат айтып отыр. Тіпті, кездейсоқ куәгермін, демалыс кешеніне кәуәп жеуге келгенмін дейді. Сонда қалай? Қарумен кәуәп жеуге келді ме?Тергеушілер де мүмкін атқан ол емес шығар, қателеспедіңіз бе деп біздерге сенбестік танытып отыр. Сондықтан істі жылы жауып қоя ма деп қорқамын", - деп алаңдаушылық білдірді демалыс аймағының иесі Ольга Кузнецова.

Атыс болған демалыс кешенінің иелері қаскөйлер жазадан құтылып кете ме деп қорқады.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға өткен сенбіде болған. Басынан бақайшағына дейін қаруланған топ ай-шайға қарамастан, демалыс аймағында оқ жаудырды. Атыстан екі адам жараланды. Аяғын оқ тесіп өткен қожайын мен қызметкері ауруханада ауыр жағдайда жатыр.