Өңірлер

"Футболға таксимен келеді": облыс әкімі жанкүйер зейнеткерлер туралы айтты

Аймақ басшысы футбол клубын премьер лигаға қайтару үшін біраз жұмыс атқарылғанын айтты. Бюджеттен бөлініп жатқан ақша да аз емес
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті футбол клубын дамыту жоспарын бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Ақтөбе, шынымен де, футболды жақсы көретін қала. Бізде клуб жанкүйерлерінің саны 17 мың адамға дейін барады. Мен өткен жылы шалғай елді мекендерінің тұрғындарымен кездескенде ақсақалдар "Ақтөбе" жағдайын сұраған. Сонда менің таңғалғаным, олардың көбісі зейнетақысына такси жалдап, клубтың әрбір матчына келіп тұрады", - деді Оразалин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Аймақ басшысының айтуынша, футбол клубын премьер лигаға қайтару үшін біраз жұмыс атқарылды. Бюджеттен бөлініп отырған ақша да аз емес. 

"Бірақ осы орайда маңызды бір мәселені атап өткім келеді."Ақтөбе" футбол клубы арқылы бөлінетін ақша мини-футболға да, жасөспірімдер футболына да, материалдық-техникалық базаны күшейтуге де жұмсалады. Біз барлық қаржылық мәселені шештік. Салық жағынан қарыз жоқ", - деп атап көрсетті Оразалин.

Әкім бұрынғы құрамның мүшелерімен сот дауларының шешілгенін де жеткізді. Бүгінде бір ғана сот процесі қалды. Бірақ ол да ойдағыдай аяқталады деген болжам бар. 

"Клубтың материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Біз жылыту жүйесі бар стадионымызды жөндеп алдық. Сол жерде спортшылар дайындық жұмыстарын ерте бастап, ойындарын өткізе алады. Үкімет "Ақтөбе" футбол клубын жекешелендіруді қолдады. Біраз оны кейінге қалдырып отырмыз. Себебі осы мәселе команданың моральдық-психологиялық жағдайына әсер етеді", - дейді Оразалин. 

Осы орайда әкім клуб ойыншыларының көбісі жергілікті футболшылар екенін ерекше атап өтті. Негізгі құрамның 14 футболшысы – ақтөбелік спортшылар. Аймақ басшысы клуб алдына келесі жылы премьер-лигаға кіріп қана қоймай, халықаралық деңгейде ойнайтындай нақты мақсат қойып отыр.