Өңірлер

Қазақстанның солтүстігіндегі қала карантинге жабылатын болды

Қазақстандықтар Петропавл қаласына коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР-анықтамасы болған жағдайда ғана кіре алады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. 9 қараша сағат 00.00-ден бастап адамдарға Петропавл мен Қызылжар ауданына кіруге және шығуға тыйым салынады. Тиісті қаулыға Солтүстік Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Татьяна Горлова қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қала аумағына кіруге және одан шығуға рұқсат етілетін санаттар:

  • халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері;
  • медициналық себептер бойынша кіріп-шығатын адамдар;
  • карантиндік стационарда емдеуде және бақылауда жатқан адамдар;
  • көлік, табиғатты қорғау және ветеринарлық қызметке, автомобиль жолдарын жөндеуге, авариялық-құтқару қызметтеріне, санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жұмылдырылғандар, маңызды тауарларды, тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмекті, қатты, сұйық отын мен жанар-жағармай материалдарын жеткізушілер, сондай-ақ, облыстың шаруашылық тыныс-тіршілігін қатамасыз етуге арналған тауарлар, жабдықтар мен материалдар тиелген барлық жүк көлігі (олардан растайтын құжаттар талап етіледі: мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, жұмысшылардан – жұмыс орнынан еркін үлгідегі, мөрмен куәландырылған анықтама);
  • жұмыс берушінің мөрімен расталған еркін үлгідегі куәлік болған жағдайда, үйден жұмысқа барып тұратындар.
"Қалған адамдарға, 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда, ПТР-анықтамасы  (үш күн бойы жарамды) болған кезде ғана кіруге рұқсат етіледі", - делінген қаулыда.

Бұдан бөлек, қаулыға сәйкес, Қызылжар ауданы, Петропавл қаласы аумағының карантин аймағының шекарасы белгіленді. Аумақ периметрі бойынша бекеттер қойылады. Авариялық-құтқару қызметтерінің, жедел жәрдемнің қолжетімділігі мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді ескеріп, карантин аймағынан кіру/шығу пунктері анықталды.