Экономика

Ломбардтар мен шағын кредиттік ұйымдарды арнайы тізімнен тексеріп алуға болады

Заңды түрде тіркелген ұйымдардың тізімі қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік басқармалары беретін мәліметтер негізінде үнемі жаңартылып отырады  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттік серіктестіктер, ломбардтар, микроқаржы және онлайн-кредит ұйымдарының тізімін жүргізуге кірісті. Ведомство сайтында ресми түрде тіркелген компаниялар ғана көрсетілген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, 3 қарашаға дейін уәкілетті органда барлығы 1 112 компания есептік тіркеуден өтті.

Банктерді реттеу департаменті директорының орынбасары Бақытбек Рысымбетовтың айтуынша, ұйымдардың тізімі Қазақстанның барлық қаласынан агенттіктің өңірлік өкілдер басқармалары беретін мәліметтер негізінде үнемі жаңартылып тұрады.

"Бүгінде белгіленген мерзімде есептік тіркеуден және қайта тіркеуден өтпеген, құжаттар топтамасын бермеген және заң бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ бірқатар ұйым бар. Сондықтан да микрокредит алу қажет болса, компанияны агенттіктің сайтындағы тізілімнен тексеріп алыңыздар", - дейді Рысымбетов.

Айта кеткен жөн, биылдан бастап кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар агенттіктің реттеу аясына енгізілген болатын. Есептік тіркеуден өтпеген ұйымдар мәжбүрлі түрде таратылады не қайта ұйымдастырылады. Оны "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-тан алынған ақпарат пен есептік тіркеуден өткен ұйымдардың тізілімімен салыстырып тексеру арқылы жасауға болады.

Оқи отырыңыз: Президент қазақстандықтарға кредит беруді шектеуді тапсырды 

Агенттікте есептік тіркеуден өтпеген және таратылуы немесе қайта ұйымдастырылуы тиіс ұйымдардың тізбесі де айқындалады. Сотқа дейінгі реттеу аясында ондай компанияларға ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату қажеттілігі, сондай-ақ, өз атауын "микроқаржы ұйымы", "кредиттік серіктестік", "ломбард" деген сөздерді алып тастау арқылы қайта тіркелу туралы хат жіберіледі.

"Компаниялар "Электронды үкімет" (e-gov) порталында хабарлай отырып, қызмет түрін өзгертулері қажет. Оны орындамаған жағдайда агенттік заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату туралы шағым дайындап, оны аумақтық сотқа береді", - деп түйіндеді Рысымбетов.