Әлем

ТМД барлау қызметтерінің ынтымақтастығы дұрыс жолға қойылған – Нарышкин

Ресейдің сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкин осы күзде соңғы айлардың басты оқиғалары - Беларусьтегі жағдай, Навальный ісі, Таулы Қарабақтағы қақтығыс туралы бірнеше рет мәлімдеме жасады
Sputnik

Сергей Нарышкин осы мәселелерге қатысты барлау қызметінің кейбір аспектілері туралы "Россия Сегодня" ХАА бас директоры Дмитрий Киселевке берген сұқбаты барысында айтып берді. 

Әңгіме сондай-ақ коронавирус туралы да өрбіді. Ресейдің СБҚ-ның директоры коронавирустың шығуына байланысты өз ойын бөлісіп, барлау қызметінің жаңа инфекциямен күресу процесіне қалай қатысып жатқанын айтты. 

- Блогер Навальныйдың "улануы" туралы оқиғаның соңы дауға айналды. Шетелдік барлау қызметі бұл мәселемен айналысты ма және шын мәнісінде не болғанын анықтау мүмкін болды ма?

- Біз Омбыдағы орыс дәрігерлері жүргізген терең зерттеулерге сүйенеміз. Блогер Навальный Ресей Федерациясының аумағында болған кезде оның биологиялық материалынан ешқандай улы заттар табылмады. Ал кейін ол, ең алдымен неміс лайнерінің бортында, сосын ГФР аумағына жеткенде не болғаны –  басқа мәселе. Біздің құзырлы қызметтеріміз, атап айтқанда Бас прокуратура оның денсаулық жағайына байланысы бір емес,  бірнеше рет анықтама сұрады.  Бірақ, бірде бір анықтама келіп түскен жоқ. Неміс тарапы үнсіз, демек, жасыратын дүние нәрсе бар деген сөз. Шынымды айтсам, бізде бұл іске арнайы қызметтердің араласқандығы туралы расталған дәлелдер жоқ. Яғни, осы оқиғаға, осы арандатушылыққа қатысты. Бірақ кейбір жанама дәлелдер бар...

- Мен де біраз дәрігерлермен әңгімелестім. Доктор Сабаевпен, Ринкпен сұқбат барысында бұл туралы егжей-тегжейлі айтылды. Сабаев - бас токсиколог, бұл бәріне белгілі. Оның айтуынша, улану фактісі тіркелмеген. Химиялық жарақат да болмаған. Алайда кейін бұл улану деп түсіндірілді. Мұндай жаңалықтарға арнайы қызмет өкілдерінің құлағы түрік жүретіні анық. Алайда сіз бұл жайтты асқан сақтықпен қозғап отырсыз. 

- Сіз болжам тұрғысында айтып отырсыз. Ал мен бізде расталған мәліметтердің жоқ екенін айтып отырмын. Біз бұл туралы белгілі, расталған оқиға ретінде айта алмаймыз. Мен сондай-ақ, жанама дәлелдердің бар екенін де айттым.

- Сіз улану фактісіне байланысты қандай да бір жаңа оқиғаларды алдын ала біліп отырасыз ба? Қолыңызда жанама деректер бар ма?

- Біреудің құрбан ретінде айқындалғаны туралы жанама дәлелдемелер жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, өзіңіз айтқандай және іс жүзінде де солай, біздің батыстағы қарсыластарымыз бұл құралды анда-санда қолданады. Олар оны бұрынғы Югославияда да, Украинада да қолданған.

- Дәл қазір коронавирус сөзсіз қауіп төндіріп тұр. Ендеше, бұл да сыртқы барлау қызметі мүдделілік танытуы тиіс мәселе ғой. Сіз бұл індетті қаншалықты назарда ұстап отырасыз? Бұл мәселеге қатысты нақты болмаса да, жалпылама қандай ой түйдіңіз? Біз немен бетпе-бет келіп тұрмыз?

– Біз бұл мәселені белгілі бір деңгейде назарда ұстаймыз. Бірақ сыртқы барлау қызметі ақпарат алу мен оған қол жеткізудің үлкен мүмкіндіктері және орасан ресурстарына ие болғандықтан, жиналған ақпаратты өңдеп, тиісті қызметтер мен министрліктерге, үкіметке ұсынамыз. Біз бұл вируспен күреске осылай қатысамыз. 

- Коронавирустың шығуына қатысты білетін дерегіңіз бар ма?

- Сіз вирус табиғи ма, әлде жасанды жолмен тарады ма дегенді білгіңіз келіп отыр ма?

- Әрине, Бұл қазіргі таңда бәрін алаңдатады. Менің түсінуімше, көпшілік сіздерде ең нақты ақпарат бар деп отыр.- Біздің қолымызда бұл вирус адамның қолымен немесе ақыл-ой интеллектісімен жасалған деген нақты, фактіге негізделген дерек жоқ. Сондықтан біз бұл инфекция табиғи түрде таралып отыр деген көзқарасқа сүйенеміз.  

- Бірақ сіз басшыға "жоқ" деп айта алмайсыз, өйткені ол шешім қабылдаған кезде бір нәрсеге сүйенуі керек. Шешім қабылдау үшін оның жұмыс гипотезасы болуы қажет. Яғни, қазіргі таңда президент оны табиғи вирус ретінде қабылдағандықтан, соған сәйкес шешім қабылдап отыр ма? Сіз иә немесе жоқ деп айтсаңыз. Сонда бұл табиғи жолмен тараған вирус па?

- Білесіз бе, президент үшін де, тиісті мемлекеттік органдар үшін де осы вирусқа қарсы іс-қимыл жүйесін әзірлеу маңызды. Меніңше, ресейлік министрліктер мен ведомстволар коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу, дәрі-дәрмектерді әзірлеу және вакциналар жасау мақсатында айтарлықтай сәтті жұмыс істеп, тиісті хаттамалар әзірлеп жатыр. Менің түсінуімше, дәрі-дәрмектерді, әсіресе вакциналарды жасаушылар, вирусолог-ғалымдар үшін вирустың қалай және қайдан шығуы мүмкін деген сауал алдыңғы орынға шықпайды. Олар дәрі, вакцина жасайды, науқастарды емдейді. 

- Кейде АҚШ тарапынан Ресей Американың вакцина алуына жол бермей жатыр деген  айыптаулар естіліп қалады. Мұндай айып тағуға қаншалықты негіз бар?

- Жоқ, әрине. Ондай негіз жоқ. Бұл – жалған, бұл тек өз кемшілігін қалай да жасырып қалудың бір амалы. АҚШ денсаулық сақтау жүйесінде кемшіліктер бар. Коронавирус көбейген соңғы айларда мұндай кемшіліктер тіпті айқын көріне бастады.  

- Беларустегі жағдай күрделі болып тұр. Алдағы уақытта ол жерде не болуы мүмкін, болжамыңыз бар ма? Оның үстіне, сіз тек болжам жасап қана қоймай, ұсыныс та айтуыңыз керек қой.

- Біздің қатысуымызға қатысты ма?

- Иә.

- Біз бұған батыс тарапы ондағы процестерге қалай қарайды, қалай талдайды және қалай баға береді, Беларусьтің өз ішіндегі жағдайды одан әрі тұрақсыздандыру үшін қандай шаралар қолданып жатыр деген көзқарас тұрғысынан қараймыз. Кейін өз бағалауымызды беларусьтік әріптестерімізге ұсынамыз.

-Бөлісесіз бе?

-Әріптестерімізбен бөлістік.

- Ал бізбен?

- Әзірге, жоқ. 

- Батыстың арнайы қызметтері Беларусьті сынақ алаңы сияқты қолдана отырып, онда қолданылып отырған тұрақсыздандыру әдістерін кейін Ресейде қолдануы мүмкін деген болжам айта аласыз ба? Бұған қатысты сіздің қолыңызда жанама мәліметтерден бөлек, басқа да деректер бар деп үміттемін.

- Біздің батыстағы қарсыластарымыз Беларусьтегі жағдайды Ресей Федерациясында да жобалап, жүзеге асырғысы келетіні анық. Бірақ, шынымды айтсам, Беларусьте ешқандай жаңашылдық орын алған жоқ. "Түрлі-түсті революциялар" технологиясы ежелден белгілі. Ол соңғы екі-үш онжылдықта әлемнің көптеген елінде қолданылып келеді. 

- Сергей Евгеньевич, сіз Ресейде алғашқы болып, Қарабақ аймағындағы қақтығысқа Таяу Шығыстан, ең алдымен Сириядан келген содырлар қатысып жатыр деп мәлімедеме жасадыңыз. Сіздің қолыңызда құжатқа негізделген дәлел бар ма? Олар нақты дәлелдер ме, әлде жанама ма?

- Нақты деректер болды. Біз бұл деректерді бірқатар елдерден, әр түрлі ақпарат көздерінен және әр түрлі серіктестерден, Таяу Шығыстағы, Орта Шығыс елдеріндегі серіктес қызметтерден аламыз. 

- Осыдан он күн бұрын президент Путин Армения мен Әзербайжан біз үшін "тең серіктестер" деді, бұл нақты келтірілген дәйексөз. Әйтсе де, біздің бұл елдермен ынтымақтастығымыздың сипаты басқаша екені белгілі. Бірақ перзидент өз көзқарасын осылай білдірді. Сіз Әзербайжандағы әріптестеріңізбен ынтымақтастық орнатасыз ба? Арменияға қатысты күмәнім жоқ. Өйткені сіздерде ҰҚШҰ аясында жұмыс істейтін тетік бар емес пе? Ал Әзербайжанмен ше?

- Біздің ТМД кеңістігіндегі барлық елдің барлау қызметтерімен, арнайы қызметтерімен, оның ішінде Әзербайжан сыртқы барлау қызметімен және Армения Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшесімен, барлау қызметімен айналысатын бөлімшемен арадағы ынтымақтастық жақсы жолға қойылған.

- Сергей Евгеньевич, пандемия сіздің жұмыс тәртібіңізді өзгертті ме? Сіздің президенттің, мэрдің, Роспотребнадзордың ұсыныс-тапсырмаларын орындай отырып, қашықтықтан жұмыс істеуіңіз мүмкін бе?

- Мүмкін. Белгілі бір тұрғыдан алғанда, мен қазір қашықтан жұмыс істеп отырмын. Өйткені,  біз де жеке байланыстар, қызметтер мен бөлімшелер басшылары арасындағы жеке кәсіби байланысымызды шектеуге тырыстық. Мәжілістер мен алқа отырыстарын қашықтан, онлайн режимінде өткізуге мәжбүр болдық. Міне, біз осындай шектеулер енгіздік. Себебі, барлау қызметкерлерінің арасында да вирусқа шалдыққандардың бар.

- Бірақ сіз өзіңізге берілген мәртебеге сәйкес, президентке жеке есеп бересіз. Қорғалатын байланыс арналарымен қаншалықты жиі есеп бересіз?

- Сыртқы барлау қызметінің барлық есептері бойынша жеке есеп беремін. Барлық құжатты да өзіне жеке тапсырамын.

- Сіз жүктемесі көп осы қызметіңізде өзіңізді қалай сезінесіз? 

- Сыртқы барлау қызметінің директоры ретінде ме?  Жұмысымыз қызықты. Ұжымымызда жоғары кәсіби, білімді, интеллектуалды азаматтар, әскери қызметкерлер жұмыс істейді. Демек, бұл жердегі тәртіп – мықты. 

- Сергей Евгеньевич, сіз Ресейдің тарихи қоғамының төрағасысыз. Процентке шаққанда, өз уақытыңызды шетелдік барлау қызметі мен Ресейдің тарихи қоғамы арасында қалай бөлер едіңіз?

- Қоғамдық жұмыс уақытымның өте аз бөлігін алады.

- Он процент пе?

- Жоқ, әрине, одан аз. Шынтуайтына келгенде, біз тарихты жақсы көретіндерден, тарихты білетіндерден, ұлттық бірегейліктің қалыптасуы және жастардың тәрбиесі үшін тарихтың маңыздылығын түсінетін пікірлестерден тұратын мықты ұжым жинай алдық, қазір бұл тетік жақсы жұмыс істеп тұр.

–Осындай терең, ашық және достық рәуішке құрылған сұқбатыңыз үшін көп 
рақмет.

- Рақмет!