Өңірлер

Қостанай облысы мен Ресей шекарасында блок бекеттер қойылады

9 қарашадан бастап Қостанай облысында карантиндік шаралар екі аптаға күшейтілетіні хабарланып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша — Sputnik. Қостанай айналасында, сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей шекарасында блок бекеттер орнатылады. Коронавируспен күрес жөніндегі өңірлік штаб осындай шешім қабылдады.

"Cоңғы күндері облыста коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық жағдай нашарлады. Осыған байланысты өңірлік штаб 9 қарашадан бастап екі аптаға карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылданды", - деп жазылған хабарламада.

Облыс орталығы мен шекарада блок бекеттер орнатумен қатар күніне 10 адам вирусқа шалдыққан елді мекендерде де бекеттер қойылады.

Көлік

Облысқа жүк және жолаушылар көлігімен ПТР-тест нәтижесінсіз кіруге тыйым салынды. Анықтамасы жоқ адамдар 2 күнге карантиндік госпитальге жіберіледі. 

Ұшақпен қатынайтын жолаушыларда міндетті түрде теріс нәтиже көрсеткен ПТР-тест болуы тиіс. Мерзімі 3 күннен аспауы керек.  Шығарып салып, қарсы алатын адамдар әуежай мен вокзал аумағына кірмейді. 

Теміржол тасымалының жиілігі қысқарады. 

Демалыс және мереке күндері қалааралық қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады.

Жұмыс істемейді

Қостанай облысы елді мекендері аумағында тұрғындар қозғалысы сағат 21.00 - 06.00 аралығында шектеледі.

Қоғамдық көлік жұмыс күндері 06.00 - 20.00 аралығында жұмыс істейді. Демалыс және мереке күндері жүрмейді.

Мәдениет нысандарының жұмысы уақытша тоқталады.

Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты - 08.00 - 21.00. Демалыс және мереке күндері және жұмыс күндері кешкі тоғыздан кейін тамақты жеткізу және алып кету қызметі ұсынылады.

Жексенбі күндері фитнес орталықтары, жаттығу залдары, сұлулық салондары , СПА және шаштараз жұмыс істемейді. Жұмыс күндері алдын ала жазылу бойынша 08.00-19.00 аралығында баруға болады.