Қоғам

"Тиімді және үйлесімді әрекет етеді": қорғаныс министрі барлаушылар туралы айтты

Қазақстанның қарулы күштері әскери барлаушылары бүгін кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша - Sputnik. Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери барлау қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Қорғаныс министрлігі барлаушылардың қызметі ешқашан жарнамаланбайтынын, ол әрдайым қауіп-қатерге толы қызмет екенін атап өтті.

"Қазіргі таңда Қазақстан мен бүкіл әлем қауымдастығы жаңа сын-қатерлермен бетпе-кет келіп отырған кезде, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде барлау қызметі маңызды рөл атқарады. Сіздердің уақытылы ұсынған ақпараттарыңыз үкіметтің маңызды шешім қабылдауына сан мәрте негіз болды", - деді Ермекбаев.

Барлаушы-сарбаздар жедел, жауынгерлік даярлық және оқу-жаттығулар кезінде біліктілігі мен дағдысын жетілдіріп, жоғары әскери шеберлігін көрсетеді.

Республикада мамандарды даярлаудың шетелдік баламасынан кем түспейтін жүйесі құрылды. 

"Барлаушылар әрқашан елеусіз болып жүретініне қарамастан, ең күрделі тапсырмаларды орындаған кезде тиімді әрі үйлесімді әрекет етеді. Сіздер бұдан кейін де қазақстандық барлаушылардың жауынгерлік дәстүрлерін нығайтып, оны одан әрі еселей түсетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге зор денсаулық, Отанымыздың игілігі жолындағы әскери қызметтеріңізге сәттілік тілеймін", - деді қорғаныс министрі.

Қазақстандық әскери қызметшілер барлау топтарының, мергендердің және патрульдердің халықаралық жарыстарында жүлделі орындарды иеленіп келеді.

Барлау бөлімшелері алдыңғы аға буынның дәстүрлерін құрметтейді және олардың жауынгерлік тәжірибесіне сүйенеді.

Өмірге қауіп төндіретін, кейде елестетудің өзі қиындық туғызатын міндеттерді орындау кезінде олар ерекше төзімділікті, батылдық пен кәсіби шеберлікті көрсетіп жатады.