Қоғам

Сыбайлас жемқорлықты өз Отанына сатқандық жасаумен теңестіру қажет  – Шпекбаев

Мемлекеттік органдардың жұмысы әр басшының адалдығына байланысты, деп мәлімдеді Алик Шпекбаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша - Sputnik. Сыбайлас жемқорлықты өз Отанына сатқындық жасау әрекетімен теңестіру керек, деп мәлімдеді Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Ол Қостанай облысына сапары барысында Рудный қаласындағы қоғам қайраткерлерімен және мемлекеттік қызметкерлермен кездесті.

Алик Шпекбаев басшылардың өз қарамағындағы қызметкерлер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа тікелей жауапты болатынын еске салды. Биыл қыркүйек айында Рудный қаласының әкімі Гаязов Қашар ауылының әкімі Алдоңғаровқа қатысты сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтың тергелуіне байланысты өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазды. Ол осы өтініштің негізінде қызметінен босатылды, деп хабарлады Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

"Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама әр басшының алдына жоғары талаптар қойып отыр. Сіз бүкіл мемлекеттік органның жұмысы тазалық пен адалдыққа бағытталуы керек екенін түсінуіңіз керек, сондықтан сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соқтыратын кез келген жағдайды жою үшін басшылардың белсенді әрекет етуі маңызды. Бұл үшін арнайы құралдар бар, ең бастысы, оған шынайы ниет керек", - деді Шпекбаев.

Қазақстанда шенеуніктер мен азаматтар арасындағы сындарлы диалогты кеңейту қажет, деп атап өтті Шпекбаев. Сондай-ақ, оның пікірінше, қазақстандықтарға және қоғамдық бақылауға қолайы жағдай жасау үшін жергілікті атқарушы органдардың жұмысын күшейту маңызды. 

"Бұл мәселеде әрбір азаматтың қосқан үлесі аса құнды. Алайда сөзден іске көшу тұрғысында белсенді әрекет еткен жөн. Сын айтқан кезде тиісті шараларды қоса ұсынып, оларды жүзеге асырған уақытта жауапкершілікті сезіне білу қажет", - деді агенттік басшысы.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тоқталған Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсету тетігінің жедел дами бастағанын атап өтті.

"Қағаз жүзінде қызмет көрсету өткен күннің еншісінде қалды. Шенеуніктің тікелей қатысуымен қызмет көрсету тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың орын алу ықтималдығын арттырады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының санын көбейтудің қажеттілігі туындап отырған жоқ. Азаматтарды электронды мүмкіндіктермен жұмыс істеу дағдыларына үйретуге және әкімдіктердің фронт-кеңселерін сапалы түрде дамытуға назар аудару қажет", - деп есептейді Шпекбаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қазақстанның мемлекеттік қызметінде ең адал азаматтар қалуы керектігін баса айтты.