Саясат

"Бірлік" партиясы өз атауын өзгертті

Партия сайлауалды науқанның соңғы нұсқасын 16 қарашада өтетін сайлауалды съезде бекітуді жоспарлап отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Енді "Бірлік" саяси партиясы "Адал" деп аталады. Ребрендинг туралы шешім елордада 5 қарашада өткен партияның саяси кеңесінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Партия төрағасы Серік Сұлтанғали "Бірлік" партиясы жаңғыруға дайын екенін атап өтті.

"Біз партия атауын өзгерту, яғни ребрендингке қатысты зерттеу жүргіздік. Зерттеуді жүргізген кәсіби әлеуметтанушылар 10-ға жуық нұсқаны қарастырды. Талдау нәтижесінде ең көп дауыспен "Адал" нұсқасы жеңіп шықты. Сарапшы-әлеуметтанушылар мұны халықтың әділдік іздеуімен түсіндіреді. Бұл ретте адамдар "әділдік" сөзіне көп дүниені сыйдырады: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестен бастап шешім қабылдаудағы ашықтыққа дейін", - деді Сұлтанғали.

Саяси кеңес мүшелері партия атауын "Адал" деп өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Тағы оқыңыз: Барлық 6 саяси партияға парламенттік сайлауға қатысуға рұқсат берілді - ОСК

Сонымен қатар, отырыс барысында партияның алдағы сайлауға дайындығы талқыланып, сайлауалды науқанның 7 бағыты ұсынылды. Оның ішіне халықтың табысын арттыру, әділ мемлекет, білім және адам капиталын дамыту, өңірлерді дамыту, жастарға жағдай жасау және жемқорлықпен күрес мәселелері кірді. Науқанның соңғы нұсқасы 16 қарашаға жоспарланған сайлауалды съезде бекітіледі.

Бұдан бөлек, отырыс барысында партияның 9 жаңа мүшесі таныстырылды:

  • Эльдар Жұмағазиев, "Атамекен" ҰКП басқарма мүшесі;
  • Алмасбек Садырбаев, "Шопан ата" ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы;
  • Лаура Мәлікова, Тәжірибелі экологтар қауымдастығының басшысы;
  • Олжас Ордабаев, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары;
  • Ардақ Назаров, әлем чемпионы, қоғам қайраткері;  
  • Мақсат Толықбай, белгілі тележурналист;
  • Дәулет Мұқаев, белгілі тележурналист, әлеуметтік жобалардың авторы;
  • Игорь Шацкий, қоғам қайраткері;
  • Мұрат Қожамқұлов, "Адал" партиясы филиалының жетекшісі.

Қазір партия мәжіліс пен мәслихат сайлауына партиялық тізімдер дайындап жатыр. Онда әйелдер мен жастар үшін 30 проценттік квота сақталады, деп сендірді партиядағылар.