Оқиға

Алматылық полиция әлеуметтік желіде тараған видео авторын іздестіріп жатыр

Метрополитен басшылығы полицияға арыз жазып, видео түсірген адамға қатысты шара қабылдауды сұрады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Әлеуметтік желіде Алматы метросында түсірілген видео тарап жатыр. Метрополитен әкімшілігі қауіпті әрекетке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Видео SHERIFF Almaty атты YouTube-арнасында 2 қазан күні жарияланған болатын. Онда белгісіз біреудің соңғы вагонның тіркеуішіне аяғымен тұрып, келесі станцияға дейін жүріп келгенін көруге болады. Экстремал-блогер осы әрекетке қалай барғанын да жазған.   

"Алматы метросы жақсы күзетіледі. 9 станцияның әрбіреуінде 2 бақылаушы бар. Бірақ сол күні Алмалы станциясында бір ғана бақылаушы жүрген. Сондықтан менің әрекетімді ешкім байқамады. Ал Абай станциясына жеткенде есіктердің ашылғанын күттім. Сөйтіп, ешкімге көрінбей, халықпен араласып кеттім", - деп жазды видео авторы.

Блогер Абай станциясында түскенде алдында бақылаушы тұрған. Видеодан оның бірден вагонға кіріп кеткенін көруге болады. 

Метрополитен әкімшілігі таратқан мәліметке сәйкес, видео авторы "Алмалы" станциясында тіркеуішке секіргенде кезекші өзіне жүктелген міндеттерді орындап жүрген. Ол арғы бетіндегі платформадан жолаушыларды шығарды. Блогер осы сәтті пайдаланып, артынан мінгесіп алған.

Метрополитен басшылығы полицияға арыз жазып, видео түсірген адамға қатысты шара қабылдауды сұрады.     

"Ол метро ережесін бұзып, денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген. Осы әрекет пойыз қозғалысы кестесін бұзуға себеп болатын еді", - дейді метро мамандары.

Ал қалалық полиция департаменті метрополитендегі жеке құрамның ролик авторын іздестіруге кіріскенін мәлімдеді.