Қоғам

Көлігі барлар бір ғана құжатпен жүреді – заң жобасы әзірленді

Заң жобасы жүргізуші куәлігі мен көлік құралының тіркеу куәлігін өзімен бірге алып жүруді міндеттейтін норманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды көздейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. Парламент мәжілісі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусиннің айтуынша, заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Негізгі мақсат – жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіру.

"Заң жобасы жүргізуші куәлігі мен Қазақстан Республикасында берілген көлік құралының тіркеу куәлігін өзімен бірге алып жүруді міндеттейтін норманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды көздейді, сондай-ақ, көлік құралдарының кейбір түрлерін пайдалану тәртібін реттеуге бағытталған", - деді Мусин мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, комитет заң жобасын жұмысқа алуға және 2021 жылдың 26 қарашасына дейін қорытынды әзірлеуге дайын. Депутаттар осы мәселені бірауыздан мақұлдады.

Тұрғымбаев не деді

Биыл мамыр айында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев көлік жүргізушілерге тек жеке куәлікпен жүруге рұқсат беретін заң жобасы туралы хабарлаған болатын. Сол кезде министр құжат жыл соңына дейін парламентте қабылданса, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу куәлігін ұстамауға болады деген.

Оқи отырыңыз: Көлік жүргізушілер қашаннан бастап жеке куәлікті ғана алып жүретіні белгілі болды 

Президенттің тапсырамасы бойынша тиісті бағдарлама әзірленді. Оны ақпараттық базалармен интеграциялаған. Төтенше жағдай кезінде блок бекеттерде сынақтан да өткізіліпті. Тұрғымбаевтың айтуынша, министрлік жаңа бағдарламаға көшуге дайын. Бірақ жол-патрульдік полицияға тағы 5-6 мың планшет керек.

Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жыл соңына дейін цифрлық құжаттар сервисіне жүргізуші куәлігі, автокөлік техпаспорты, төлқұжат, жоғары білім туралы диплом, студенттік билет және тағы басқа құжаттардың енгізілетінін мәлімдеген.