АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шекарада шектеулерді күшейту туралы шешім қабылдады.
Біріншіден, Қазақстан аумағында тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер және олардың отбасы мүшелері мен Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетелдіктерге мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібіне өзгерістер енгізіледі.
"Аталған санаттағы тұлғалар Қазақстанның мемлекеттік шекарасын 90 тәулікте бір реттен артық кесіп өте алмайды (бұрын 30 тәулік болған)", - делінген үкімет сайтында.
Екіншіден, ВАК 57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұруды 2021 жылдың 1 мамырына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
"Қытай мен Үндістаннан келетін транзиттік жолаушылардың Қазақстан аумағында 72 сағат визасыз болуын тоқтата тұру 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылсын", - делінген үкімет сайтында.
Сонымен қатар 2020 жылдың 9 қарашасынан бастап Түркиямен халықаралық әуе рейстері саны аптасына 33-тен 20-ға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды.