НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Қостанай облысында әйел өзі мен кәмелет жасқа толмаған екі баласының білегін пышақпен кесіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ол 6 жылға сотталды, деп хабарлайды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Мұндай сұмдық оқиға әйелдер мен балаларға арналған бейімдеу орталығының жатақханасында болған.
"Сотталушы әйел ас үй пышағымен өзі мен оның 2016 және 2018 жылы туған балаларының білегін кесіп, денсаулыққа ауыр зиян келтірді. Ол осы әрекеті үшін Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлігінің 1, 2, 3 тармағы бойынша кінәлі деп танылды", – делінген хабарламада.
Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, кінәлі әйел бастапқыда кісі өлтіруге оқталды деген айыппен сотқа тартылған. Алайда, сот барысында зардап шеккен балалардың өкілдері прокурормен келіскен соң, бұл айыптау денсаулыққа ауыр зиян келтіру деп өзгертілген.
Сотталушының кінәсі оның мойындауымен және куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ сарапшылар қорытындысымен дәлелденді.
Оқи отырыңыз: Күйеуін қайтармақшы болған: баласына он ине тыққан әйел сотталды
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 106-бабындағы 2-бөлікте көзделген жауапкершілік 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Осыны негізге алған прокурор кінәліні 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот айыпталушының бұрын жауапқа тартылмағанын ескере отырып, оны 6 жыл бас бостандығынан айырды. Кінәлі әйел жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.