АЛМАТЫ, 2 қараша – Sputnik. Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 79 адамға жетті, деп хабарлады елдің төтенше жағдайлар және табиғи апаттар агенттігі. Апат аймағында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін РИА Новости түріктің бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап қайтыс болғандар саны 76-ға жеткенін жазған еді.
Ал Түркияның "Анадолу" ақпарат агенттігі зардап шеккендердің бірі үйінді астынан 33 сағаттан кейін құтқарылғанын хабарлады.
Сонымен қатар қазірге дейін табиғи апаттан 962 адамның жарақат алғаны белгілі.
Айта кетейік, 30 қазанда күндіз Түркияның батысында магнитудасы 6,6 балдық жер сілкінісі болды. Зілзала эпицентрі – Эгей теңізінде, Измир провинциясының Сеферихисар қаласының маңы. Жерасты дүмпулері жақын маңдағы Грекия аралдарында да сезілді. Грекия сейсмологтарының мәліметінше, оның магнитудасы 6,9 балға жеткен.
Түркиядағы жер сілкінісі: зілзаладан кейінгі видео жарияланды
Зілзала салдарынан Измирде жиырма шақты ғимарат қирады. Жер сілкінісінің әсерінен цунами болып, Сеферихисар көшелерін су басты.
Ал Грекияның Самос аралында екі адам қаза тауып, жиырма адам зардап шекті.