Өңірлер

Қызылордада адам қағып, қашып кеткен жүргізушінің қулығы әшкере болды

Күдікті көлігін "Газельге" тиеп кетпекші болған. Тексеру барысында жүргізушінің Түркістан облысындағы Қазығұрт елді мекенінің тұрғыны екені анықталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Тасжолда жаяу адамды қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған көлік жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

30 қазан күні "Шымкент-Самара" тасжолындағы Тартоғай ауылының тұсында жолды кесіп өтпекші болған  48 жастағы ауыл тұрғынын Шымкент қаласына қарай кетіп бара жатқан белгісіз автокөлік қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында жол жиегінде көлігін жөндеп жатқан ер адам көз жұмды 

Жол апаты салдарынан әйел түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Осы факті бойынша патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жүргiзген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Бәйгеқұм елді мекенінің тұсында жүк тасымалдайтын "Газель" автокөлігіне "Мерседес" автокөлігін тиеп кетпекші болған жүргізуші ұсталды.

Тексеру барысында жол апаты болған жерден бой тасалаған жүргізушінің Түркістан облысы Қазығұрт елді мекенінің 24 жастағы тұрғыны екені анықталды.  

Аталған дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабының 1-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.