Қоғам

Әртістерге қойылатын талап күшейді - президент заңға қол қойды

Заңға сәйкес, фонограмманы ескертусіз қолданатын әртістерге әкімшілік айыппұл қарастырылып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет мәселелеріне қатысты заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Бұған дейін мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова "Мәдениет туралы", "Мемлекет мүлкі туралы", "Ұлттық архив қоры мен архивтер туралы" заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілетінін хабарлаған болатын.

Министрлік фонограммаға қарсы

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, заң жобасы бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу және шығармашылық одақтарды қолдау мәселелері бар. Сондай-ақ осы құжатпен фонограмманы қолдануға шектеу енгізу қарастырылған. 

Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдісі орын алған, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей, фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар фактілер де бар екені айтылған болатын.

Осыған байланысты заңнамалық деңгейде орындаушылардың әдепсіз мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттеме енгізіледі. Соның бірі - фонограмманы қолдану туралы алдын ала хабарлау.

Фонограмманы пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалды. Барлық жарнамалық өнімдер және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді.