НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқаспен байланыста болғандықтан өзін оқшаулады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Гебрейесустың айтуынша, оның өзінде симптом белгілері жоқ. Бірақ ДДҰ ережелеріне сәйкес, ол карантин жариялап, үйден жұмыс істеуі тиіс.
"Біз денсаулығымызға қатысты нұсқаулықтарды сақтауымыз қажет. Осылайша, COVID-19 вирусының таралуын тоқтатып, денсаулық жүйесін қорғаймыз", – деді ол.
Сондай-ақ, ол бірнеше сағат бұрын дүние есігін ашқан Мия есімді немересін қолына алып түскен суретін твиттерге жүктеп, өзінің ата болғанын жария етті.