Қоғам

Маман қараша айына болжам жасады: қазақстандықтарды не күтіп тұр

Қазақстандық маман күз мезгілінің үшінші айында әлем елдерінде жаңа шектеулер енгізіліп, салдарынан экономикалық жағдай нашарлайтынын болжады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. Қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымова қараша айына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жаңа шектеулер

"Қараша айында әлеуметтік белсенділік күшейіп, әлем елдерінде тұмау желеуімен жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін. Бұл экономикалық жағдайдың нашарлауына, биліктің күшеюіне әкеп соғады. Басқа валюталардың долларға шаққандағы бағамы өсіп, қор нарығында индекстер төмендеуі мүмкін", - дейді Әбдірайымова.

Сол себепті айдың басында, оның болжамынша, Жер планетасына пессимизм энергиясы ықпал етіп, енжарлық басады.

Жалпы, астрологтың айтуынша, қараша айы сенімсіздік, ақпараттың кешігуі немесе жоқтығы, қолда бар мәліметке сенбеу, байланыстағы ақаулар, шаршаңқылық, әңгімелесуден қашу, өзімшілдік, жаман көңіл-күй әкеледі.  

Бұл кезеңде ақыл-ой жұмысымен айналысу көпшілігіне қиынға соғады. Десе де, маман мұның бәрі ұзаққа созылмайтынын айтты.

"Айдың ортасы түрлі оқиғаларға толы"

Астрологтың болжамынша, 8 қарашадан бастап адамдардың ізденімпаздығы, бір нәрсені білуге деген құмарлығы, ақиқатқа көз жеткізуге құлшынысы біртіндеп оянады. Бірақ ақпаратқа сенбеушілік айдың соңына дейін сақталады.

"Бұл кезеңде белсенділік, атаққұмарлық пен билікқұмарлық артады. Қарашаның ортасы саяси аренада да, жеке өмірде де оқиғаларға толы. Әсіресе, 6 қарашадан 16 қарашаға дейінгі уақыт философиялық сұрақтарға жауап іздейтін кезең. Көпшілігі бұл уақытта рухани өсіп, өмірге көзқарасын өзгертеді", - деді маман.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді

Айтуынша, бұл аспектінің әсерін, әсіресе, айдың 13-і мен 18-і аралығында туған Тауешкі, Тоқты, Таразы, Шаян, Бикеш, Сарышаян, Балықтар мен Торпақтар өте қатты сезінеді.

Әбдірайымова осы айда физикалық, рухани және эмоционалды күшті көп жұмсайтын адамдардың денсаулығы сыр беруі мүмкін екенін ескертті. Бірақ, Бикеш, Сарышаян, Балықтар мен Торпақтар үшін бұл айтарлықтай қолайлы кезең.

"11 мен 17 қараша аралығында жоспарланбаған шығындар өседі. Мәселен, бизнеспен айналысатындар үшін шикізат немесе тауар бағасы, тасымалдау құны көтерілуі ықтимал. Ақша кеш түсіп қалуы ғажап емес. Сол себепті бұл кезеңде ақшаны оңды-солды шашпай, инвестиция салмаған абзал", - деп кеңес берді астролог.

Сонымен қатар, айтуынша, күздің үшінші айы – сары уайымның, төзімсіздік пен өкпе-наз уақыты.

"Сезімталдық, сексуалдық белсенділік, қызғаныш күшейеді. Адамдардың шыдамы таусылады. Өзін ренжіткен адамның жазаланғанын қалайды. Өз проблемасын жақындарына, достары мен әріптесіне айтып, олардан көмек күтеді. Алайда, мұның пайдасы аз болуы мүмкін", - дейді ол.

18 мен 19 қараша  – сенімсіздік, жаман көңіл-күй, күйзеліс уақыты. Серігіңізбен қарым-қатынасқа бей-жай қарап, сүйіктіңіздің көңілі мен махаббатына зәру болуыңыз мүмкін.

Астрологтың айтуынша, 26–27 қарашада мұның бәрі қарым-қатынастың үзілуіне әкеп соғады.