НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. "Атамекен" палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов үкіметпен арадағы келісімге қол қойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Күні кеше біз үкіметпен арадағы келісімге қол қойдық. Соның негізінде мемлекеттік ақпарат базаларымен интеграция жасалады. Сонда кәсіпкерлер өзіміздің atameken.kz сайтындағы жеке кабинеті арқылы барлық мемлекеттік қызметті ала алады. Мемлекеттік сатып алулар туралы ақпарат та ұсынылады", - деді Мырзахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Палата басшысының айтуынша, бухгалтерлік және заңгерлік қызметтер де болады. Ал, ең бастысы, "Бизнес петициялар" деген бөлім ашылды.
"Мысалы, маңызды мәселе жарияланады. Кәсіпкерлер оны белгілеп, өз даусын береді. Сонда өзекті деген мәселелер бірден көрініп тұрады. Ал үкімет тиісті шараларды шұғыл қолға алатын болады. Кешегі келісімшартта осы мәселе де жазылған. Барлығы цифрлық форматта жасалады. Әрине, олай жұмыс істеген ыңғайлы әрі тиімді", - деп атап көрсетті Мырзахметов.
Бүгінде микро және шағын бизнесте кәсіби бухгалтерлер аз, заңгерлік көмек те жетіспейді. Ал келісім аясында әрбір шағын кәсіпкердің жеке кабинетіне қажетті ақпарат жіберіледі. Сондай-ақ, бизнес қай нарықтарға өз тауарын шығара алатынын біле алады. Үкімет болса, бизнес жағдайға қатысты толыққанды талдауды көреді және осы саладағы саясатты дер кезінде өзгертіп тұрады.