Өңірлер

Батыс Қазақстанда басқарма басшысының не себепті ұсталғаны анықталды

Болатбек Қаюпов орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін компания директорынан 7 800 000 теңге пара алған
Sputnik

АЛМАТЫ, 30 қазан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының не себепті қамауға алынғаны хабарланды. Ол сыбайласымен бірге медициналық жабдықтарды қабылдау актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 7,8 миллион теңге пара алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, басқарма басшысы мен оның сыбайласына қатысты тергеу басталды.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды – видео 

"Олар 2020 жылдың 12-23 қазаны аралығында жалпы сомасы 78 000 000 теңгеге медициналық жабдықтарды (мониторларды) жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы ЖШС-мен бұрын жасалған шарттар бойынша орындалған жұмыстар мен ТМҚ (тауарлы-материалдық қор) қабылдау актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін компания директорынан пара алған. Параның жалпы сомасы – 7 800 000 теңге", - деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы және оның сыбайласы Орал қаласы полиция бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, 29 қазанда БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов пара алды деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды.