Өңірлер

Қазақстанда қала жабылады – бас санитар дәрігердің шешімі шықты

Теміржол вокзалдары мен әуежайларға күтіп алатын және шығарып салатын адамдарды кіргізуге болмайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі –мемлекеттік бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында арнайы брифинг өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Өткен тәуліктің ішінде республика бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 392 жағдайы тіркелді. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында 205 адам инфекция жұқтырды. Ал пендемия басталғалы бері облыста 9 565 науқас COVID-19 диагнозымен тіркелген", – деді Қиясов.

Оның айтуынша, соңғы бір аптаның ішінде 100 мың адамға шаққанда ауруды жұқтыру саны өсті. Инфекцияның бір адамнан таралу көрсеткіші де 1.53-ке жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы өтті. Комиссия төрағасы облыста пидемиологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар шектеу шараларын енгізуді тапсырды.

"2 қарашадан бастап Өскеменнен шығатын және кіретін әуе рейстерінің санын қысқартуға шешім қабылданды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанмен арадағы рейстер 17-ден 7-ге дейін, Алматымен – 14-тен 7-ге дейін, ал Шымкент қаласымен 2-ден 1 рейске дейін азаяды", – деп атап көрсетті Қиясов.

Бұдан бөлек, "Нұр-Сұлтан – Өскемен" бағытындағы теміржол қатынасы аптасына 1 рейске дейін қысқарады. Ал Өскемен мен Алматы арасындағы жолаушылар тасымалы үш рет қана жасалады. Транзитпен өтетін пойыздарға тоқтауға тыйым салынады.

ПТР-тест анықтамасы кімдерде болуы тиіс

"Шығыс Қазақстан облысынан шығатын жолаушыларда міндетті түрде ПТР-тесттің анықтамасы және теріс нәтиже болуы қажет. Анықтаманың мерзімі – үш күн. Облыстың айналасында санитарлық бекеттер қойылып, кіруге және шығуға шектеу қойылады. Ал Өскемен қаласына кіруге және одан шығуға тыйым салынады. Басқа қалалар мен аудандар арасында қатынауға болады", – деп атап көрсетті Қиясов.

Оқи отырыңыз: Биыл біз қатаң шектеу шараларынан айналып өте аламыз – Тоқаев

Сондай-ақ, облыстар демалыс және мереке күндері шектеу шаралары күшейеді. Ал ұжымдарда қызметкерлердің 80 проценті қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылуы шарт. Жиналыстарды өткізуге рұқсат жоқ. Вахтамен жұмыс істейтіндер міндетті түрде ПТР-тесттен өтеді. Теміржол вокзалдары мен әуежайларға күтіп алатын және шығарып салатын адамдарды кіргізуге болмайды.