НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Ресейдің Курск облысында жануарлар үйіндегі аю қызметкерге тап берді, деп хабарлады РИА Новости.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан әйелдің тордың жанынан өтіп бара жатқанын көруге болады. Ол жолда тұрған таяқтан аттаймын деп, жыртқыш отырған торға тым қатты жақындап кеткен. Дәл сол кезде аю оны қолынан ұстап алып, ішке қарай тартқылайды, бір табанымен арқасынан да ұстап тұрады. Оны көрген қызметкерлер жүгіріп келіп, оны таяқпен ұра бастайды. Алайда аю қайтпайды. Ақырында әйелдің күрткесін жыртып тынады.
"Әйел аю отырған тордың жанынан өтіп бара жатқанда жыртқыштың шабуылына тап болды. Аю оны қолынан ұстап алып, өзі отырған торға тартқан. 50 жастағы әйел көптеген дене жарақатымен Курск облысының клиникалық ауруханасына жеткізілді", - дейді тергеушілер.
Тергеушілер тексеріс шараларын бастады. Соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады. "Фатежские будни" басылымының мәліметінше, әйелге гималай аюы тап берген.
Ал әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта аюдың өлгені туралы айтылады. Тордың ішінде үшкір таяқ қалып қойған. Аю соған өкпесін тілгізіп алған.