Өңірлер

Қазақстанда бала туудан қай өңір көш бастап тұр

Бала туу және халықтың табиғи өсімі бойынша республикада Түркістан облысы көш бастап тұр. Қазір өңірде екі миллионнан астам адам тұрады
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 қазан – Sputnik. Қазақстанда бала туудан көшбасшы өңір анықталды. Алдыңғы қатарда Түркістан облысы тұр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылдың бірінші қыркүйегінде өңірдегі халық саны 2 036 029 адамды құрады.

Оқи отырыңыз: Танымал қазақ әншісі алтыншы сәбиін дүниеге әкелді 

Оның ішінде қалалық жерде 412 819 адам (20,3%), ауылдық жерде 1 623 210 адам (79,7%) тұрады. Өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда халық саны 1,4%-ке өскен.

"Республика бойынша Түркістан облысы туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша бірінші орында тұр", - деді  облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков.

Облыс тұрғындарының табысы қандай

2020 жылдың екінші тоқсанында Түркістан облысы бойынша бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 168 301 теңгені құрады.

Ең жоғары орташа айлық жалақы Созақ ауданында 243 324 теңге болып белгіленсе, ең төмен жалақы Сарыағаш ауданында  тіркелді – 137 498 теңге.

Сонымен қатар облыста азық-түлік тауарларының бағасы 7,1%-ке, азық-түлік емес тауарлар 3%-ке, ақылы қызметтер 5,5%-ке қымбаттаған.

2020 жылдың қаңтар-маусым айы бойынша Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 770 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі бойынша республикада бірінші орынға шықты.

Жалпы өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіптің үлесі – 19,7%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 14,6%, білім беру – 12,7%.