Қоғам

Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы атышулы оқиға туралы айтты

Шудағы арнайы операция кезінде полицейлер арасында атыс болған еді. Біреуі ауруханада ажал құшты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Жамбыл облысында болған оқиға туралы пікірін айтты.

"Полиция желілік бөлімінің басшысы мен қоластындағылар есірткі бизнесімен айналысқан. Олардың қылмысын қауіпсіздік басқармасындағы әріптестері әшкере етті. Полицейлер өз қатарында қылмыс жасағандарды ұстағаны бір жағынан қуантады. Мұндай жұмыс бағалануы тиіс", - деді президент.

Екінші жағынан мұндай жағдай полиция беделіне нұқсан келтіреді, деп толықтырды ол. 

"Бұл тек Жамбыл облысында ғана болып жатқан жоқ, өзге өңірлерде де бар. Мұны жақсы білесіздер. Сондықтан есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту міндетін қоямын", - деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, халық нақты нәтижелерді көруі тиіс.

Жамбыл облысында полицейлердің ұсталуы

Еске сала кетсек, көліктегі полиция департаментінің Шоқпар станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері есірткі тасымалымен айналысады деген күдікке ілінген.

Жамбыл облысында арнайы операция кезінде атыс қаруымен қаруланған үш күдікті жол талғамайтын көлікпен жоғары жылдамдықпен келіп, арнайы жасақ қызметкерін қағып өткен. Ал қуғыншылар оларды тоқтату үшін қару қолдануға мәжбүр болған.

Үш адамның екеуіне оқ тиді. Біреуі медициналық мекемеде көз жұмды. Екіншісіне стационарда көмек көрсетілді. Үшіншісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тағы оқыңыз: Шудағы арнайы операция: полицейлер арасындағы атыста біреуі ажал құшты