Қоғам

Сенаторлар түрмеде жазасын өтеп жатқандарға жұмыс тауып беруді сұрады

Тұтқындарды жұмыспен қамту еңбек дағдыларын дамытумен қатар, жәбірленушілерге келтірген зиянды төлеуге ақша табуға, сондай-ақ отбасына қаржылық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, деп санайды депутаттар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Сенаттың бір топ депутаты абақтыда жазасын өтеп жатқан тұтқындарды жұмыспен қамту мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Владимир Волковтың айтуынша, қылмыстық саясатты ізгілендірудің арқасында Қазақстанда түрме халқы 30 мың адамға дейін азайды. Ал түрме рейтингі бойынша еліміз әлемде 100-орында тұр.

Десе де, қабылданған шараларға қарамастан, бас бостандығынан айыру орындарында бірқатар мәселе әлі де шешімін таппаған. Солардың бірі – сотталғандарды жұмыспен қамту.

"Бүгінде түрмелерде сотталғандардың 30 проценті ғана жұмыс істейді. Ескірген өндірістік инфрақұрылым, оның ішінде қазіргі заманғы өндірістік қуаттардың болмауы, қомақты қаржы салудың қажеттігі, сондай-ақ, режимдік объектілердің жағдайы кәсіпкерлердің колонияда бизнесті дамытуға деген қызығушылығын оятпайды", - дейді мәжілісмен.

Волков тұтқындарды жұмыспен қамту еңбек дағдыларын дамытумен қатар, оларға талап-арыздарды өтеу және жәбірленушілерге келтірген зиянды төлеуге ақша табуға, сондай-ақ өз отбасына қаржылық көмек көрсетуге мүмкіндік береді деп санайды.

Депутат бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тиімді орындау және олармен жеке жұмысты ұйымдастыру үшін қамаудағыларды камерада ұстау қажет екенін атап өтті. Айтуынша, жұмыс істеп тұрған 66 түзеу мекемесінің тек 9-ында ғана камерада ұстауға жағдайы бар.

"Халықаралық стандарттардың басты талабы – отрядтық ұстаудан камералық жағдайға көшу. Түзету колонияларының көпшілігі өткен ғасырдағы кеңестік құрылыстың мұрасы болып табылады, ондағы барақ тәрізді жатақхана үлгісіндегі бір бөлмеде 100-120 адам тұрады. Ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйін ескере отырып, 42 түзеу мекемесі қайта жаңартуды талап етеді", - деді мәжілісмен.

Сондай-ақ, сенаторлар түзету мекемелеріне бейнебақылау камераларын орнату қажет екенін айтты. Бүгінде түрмелердің небәрі 30%-ті ғана бейнекамералармен қамтылған.

Бұдан бөлек, Волков сотталғандарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету проблемасына ерекше назар аударды.

Сенат депутаттары премьер-министрден бас бостандығынан айыру орындарындағы өзекті мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды сұрады.