Қоғам

"Кредит кешірудің орнына жасауға болады": депутат ұсынысына Ұлттық банк жауабы

Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде ипотекалық кредиттердің орташа мөлшерлемесі 7-8% деңгейінде болып тұр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Ұлттық банк Азат Перуашевтің кредит ставкасын төмендетуге қатысты ұсынысына жауап берді. Депутат кредиттік рақымшылықтың орнына несие мөлшерлемесін 7-8 процентке дейін азайтып, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау бастамасын көтерген болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұлттық банк пайыздық мөлшерлеменің нарықтық құрал екенін және көптеген факторларға негізделгенін мәлімдеді. Соның ішінде макроэкономикалық көрсеткіштер де бар. Ал екінші деңгейдегі банктер пайыздық мөлшерлемені өздері анықтайды. 

"2020 жылы тамызда заңды тұлғаларға теңгемен берілетін кредиттер бойынша мөлшерлеменің орташа көлемі 11,9%-ды құрады. Ал 2016 жылы ақпанда базалық мөлшерлеме 17% болып тұрғанда бизнес кредит мөлшерлемесі 19,1%-ға дейін барған. Содан бері инфляцияның айтарлықтай төмендеуімен базалық мөлшерлеме де ағымдағы 9,0%-ке дейін түсті. Осылайша, ақша-кредит талаптарын жеңілдету мөлшерлемесін төмендетуге мүмкіндік берді", - делінген банк жауабында.

Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде ипотекалық кредиттердің орташа мөлшерлемесі 7-8% деңгейінде болып тұр. Оған халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламалар да әсер етті.

Осы орайда банк мамандары маңызды бір мәселені атап өтті. Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда берілген кредитті қайтармаудың барынша жоғары деңгейі байқалады. Себебі кредит тәртібі төмен. Оған қоса, қарыз алушылардың борыштық жүктемесі жоғары болып тұр. 

"Соның нәтижесінде қарыз алушылардың кредиттік тәуекелі банк маржасында және барынша жоғары пайыздық мөлшерлемесінде көрінеді. Операциялық шығындар да кредиттеу құнына әсер етеді. Мөлшерлемелердің шекті деңгейін 7-8%-ке дейін әкімшілік жолмен төмендету қолжетімсіз болуы мүмкін, себебі ондай мөлшерлеме банктер қабылдайтын тәуекелдердің орнын толтырмайды", - дейді мамандар. 

Ұлттық банк кредит ресурсы құнын біртіндеп төмендетуге болатынын да жеткізді. Бірақ ол үшін алдымен кредит тәуекелін қалыптастыратын компаниялардың түсініксіз құрылымы (корпоративтік басқару сапасының төмендігі), бизнес жүргізудің қолайсыз жағдайлары, мемлекеттің экономикадағы жоғары үлесі, фискалдық тәртіптің төмендігі, компаниялардың дәрменсіздігі сияқты жүйелі проблемаларды шешу қажет.

Перуашев бастамасы 

30 қыркүйекте өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев тұтынушылық кредиттердің проценттік мөлшерлемесін 7-8 процентке дейін төмендетіп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеу бастамасын көтерді. Оның айтуынша, халықтың кредитін кешіру бастамасы орынды. Себебі пандемия кезінде қарапайым халықтың жағдайы қиындап кеткен.

Ал Дүнижүзілік банктің мәліметіне сәйкес, кедейшілік шегінен аса алмай жүрген қазақстандықтардың саны 1,5 есеге көбейіп, 2,3 миллион адамнан асты. Демек, еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедейшіліктің зардабын тартып келеді. 

"Кредит кешірудің орнына жасауға болады": депутат ұсынысына Ұлттық банк жауабы

Осы орайда мәжілісмен кредиттік рақымшылықты өткізе берсе, оның әдетке айналып кететінін, ал ең бастысы, қаржы жүйесі қиындыққа тап болатынын жеткізді. Кредитті төлеп жүрген адамдар да қарызын қайтармауға көшеді. 

Депутаттың ойынша, бүгінде халықтың жағдайын қиындатып отырған негізгі мәселелерге мән берген жөн. Онсыз кредиттік рақымшылық проблемасы көтеріле береді. Мәселен, өткен жылы 160 миллиард теңгенің кредиті кешірілді. Бірақ бүгінде осы мәселе ушығып кеткен. Кредитті кешіру бастамасы тағы көтеріліп отыр. Өйткені негізгі себептері шешілген жоқ.

Біріншіден, банктер кредит процентін негізсіз көтеріп отырады. Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу агенттігі де базалық ставканы төмендетпей, жоғары проценттерді қолдап отырған сияқты.

Екіншіден, қаржы министрлігі жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдамай отыр. Ал ондай заң болса, кредитті төлей алмағандар соңғы баспанасын сақтай алатын еді.

Осыған байланысты "Ақжол" фракциясы премьер-министрге, ұлттық банк төрағасына және қаржы нарығын реттеу агентігінің басшысына депутаттық сауал жолдап, бірнеше мәселені шешуді талап етті. Олар:

  • Тұтынушылық, ипотекалық және кәсіпкерлік кредиттердің проценттік мөлшерлемесін 7-8 процентке дейін төмендету;
  • Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеп, парламенттің қарауына енгізу.