Қоғам

Қазақстандық ғалым С дәрумені негізінде ракқа қарсы дәрі ойлап тапты

Препарат С дәрумені мен мышьяк негізінде жасалады. Болашақта бұл дәрі ұйқы безі, сонымен қатар тоқ ішек пен өкпенің қатерлі ісігін емдеуде қолданылуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан - Sputnik. Назарбаев Университетінің ғалымы Дос Сарбасов мутацияға ұшыраған қатерлі ісік жасушаларының өздігінен жойылуына ықпал ететін препарат жасауды аяқтауға жақын. Дәрі аз мөлшерде KRAS-мутант жасушаларына қарсы тиімді әсер ететін мышьяк негізінде әзірленген.

"KRAS мутацияға ұшыраған кезде, ол тұрақты күйге ауысады. Ал бұл бөліну процесін тұрақты түрде белсенді етуге, яғни ісіктің өсуіне алып келеді. Қазіргі таңда мутацияның бұл түрі емделмейді, ұйқы безі қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар бір жарым-екі жылдан артық өмір сүрмейді. Қатерлі ісіктің бұл түрі заманауи онкологияның алдында тұрған ең күрделі мәселе", - деді Дос Сарбасов.

Сарбасов бастаған ғалымдар тобы KRAS-мутантты жасушалардың глюкозалық аштыққа өте сезімтал екенін анықтады. Онсыз қатерлі ісік жасушалары радикалдарды шығарып, өзін-өзі жоя бастайды, деп хабарлады Назарбаев Университетінің баспасөз қызметі.

Ал адам ағзасын глюкозадан айыру мүмкін емес болғандықтан, ғалымдар жасушалар түзетін радикалдарды алып, оларды С дәруменінің D-VC стероизомерімен біріктірді. KRAS-мутантты жасушалары оны глюкоза ретінде қабылдап, өзіне сіңіреді, бұл жасушаларды "стреске ұшыратады", соның нәтижесінде олар өздігінен жойылады.

Препарат мышьяк негізіндегі америкалық дәрімен бірге қолданған кезде тиімділігі жоғары болатынын дәлелдеді. Олар бір-бірінің әсерін күшейтеді және толықтырады. Препарат мутацияланған KRAS жасушаларына қарсы қолданылады. Олар ұйқы безі қатерлі ісігінің 95%-інде, тоқ ішек ісігінің 30%-інде және өкпенің қатерлі ісігінің 20% -інде кездеседі.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық дәрігер рактың алғашқы белгілерін атады – неге мән берген жөн

АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) препараттың тиімділігін растап, адамдарды емдеуге рұқсат беру жөнінде шешім қабылдады. Сарбасов қазіргі таңда клиникалық зерттеулерді бастау үшін қазақстандық заңнаманы зерделеп жатқанын айтты.