Қоғам

"Тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді": Нығматулин министрге кеңес берді

Мәжілістің жалпы отырысында Экология кодексінің жобасы бірінші оқылымда қаралды. Нығматулин кодекс жобасын сынға алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бірінші оқылымда қаралған Экология кодексінің жобасын сынап, құжатты әзірлеген шенеуніктерге ауылда тұрып келуге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында Экология кодексінің жобасы бірінші оқылымда қаралды. 

Депутат Мұрат Теміржановтың айтуынша, құжатта үшінші санаттағы кәсіпорындар қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы декларация тапсыратыны жазылған. 

"Үшінші санатқа 100 бастан аз малы немесе құсы бар шаруашылықтар жатады. Олар: сиыр қора, тауық қора, ат қора, шошқа қора. Бұл жерде 100 бастан кем десе, ол 50, 10 және 5 болуы мүмкін. Осыған байланысты, менің мынадай сұрағым бар: 20-30, тіпті 100 тауығы бар жеке кәсіпкер қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтың түрі мен саны туралы ақпарат беруі үшін не істеуі керек? Егер ол декларация тапсырмаса, онда әкімшілік жауапқа тартылатыны тағы бар", - деді мәжілісмен. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл әкімшілік кедергілерді төмендету үшін жасалғанын айтты. 

Ал мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл норманы мүлде мағынасыз деп санайды. 

"Мен сізді дұрыс түсінсем, бұл жерде тек жеке кәсіпкер туралы емес, кез келген ауыл тұрғыны жайлы айтылып отыр ғой. Мәселен, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы тұрғынының 5-10 тауығы бар делік. Оларды декларациялау үшін әлгі адам әкімдік жанындағы табиғи ресурстар басқармасына баруы керек. Мекеме облыс орталығында орналасқан. Яғни, тіпті бес емес, бір тауығын декларациялау үшін ол 700 шақырым жүруі керек...Неге бұлай болды? Бір табын сиыр мен бір тауықтың қоршаған ортаға тигізетін зияны әртүрлі екенін түсіну керек қой", - деді спикер. 

Осы орайда Нығматулин кодекс нормасын жазған шенеуніктерге ауылға барып, тұрып қайтуға кеңес берді. 

"Шын мәнінде, заң жобасының осындай нормасын оқыған кезде, бұл норманы жазған адам ауылда болды ма, жоқ па деп ойлайсың. Шіркін, осы норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді. Қалай ойлайсыз, министр мырза?", - деді ол Мырзағалиевке қарап. 

Министр "дайынбыз" деп күлді. 

"Жақсы, кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз", - деді мәжіліс төрағасы.

Депутаттар Экология кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.