НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Қазақстан парламенті сайлауында дауыс беру үшін 51 елде 66 сайлау учаскесі құрылды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан әлемнің 51 елінде 66 сайлау учаскесі құрылды. Бұл тізімдерге тиісті шетелде тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген және республика азаматының жарамды паспорты бар барлық азамат енгізіледі", - деді Петров ОСК отырысында.
Айта кетсек, мәжіліс пен мәслихат сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Әрбір сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Сайлаушылардың өтініші 2020 жылдың 10 желтоқсанынан кешіктірілмей қабылданады.
Парламент сайлауы: сайлаушылар тізіміне 11 миллион адам кірді
Қазақстан халқы ассамблеясынан парламентке сайланатын депутаттардың сайлауы 11 қаңтарға белгіленді.
Мәжілістің қазіргі алтыншы шақырылымының өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.
Кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қараша сағат 18.00-ге дейін созылады. Партия тізімдерін тіркеу мерзімі 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін.
9 қаңтар – тыныштық күні.
Сайлау нәтижесі дауыс беру аяқталғаннан кейін бір апта ішінде шығарылады.