Оқиға

Қостанайда педофил қолынан мерт болған қыздың ағасы жоғалып кетті

Қостанай облысы Бағаналы ауылының жиырма жастағы тұрғыны Олег Ганя 15 қазанда үйінен шығып, хабар-ошарсыз кеткен
Sputnik

АЛМАТЫ, 27 қазан – Sputnik. Қостанай облысында полицейлер мен еріктілер 15 қазанда үйінен шығып, содан бері хабар-ошарсыз кеткен 20 жастағы Олег Ганяны іздестіріп жатыр.

20 жастағы жігітті іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы еріктілер әлеуметтік желілерде жариялады.

"2000 жылы 23 шілдеде дүниеге келген Олег Ганя Викторович іздестіріліп жатыр. Ол 15 қазанда Бағаналы ауылындағы үйінен Павлов ауылына шығып кеткен. Қостанай қаласында болуы мүмкін", – деп нақтылады еріктілер әлеуметтік желіде.

Олег Ганяның бойы 175 сантиметр, дене бітімі орташа, ақшыл сары шашты, сұр-көк көзді. Үстіне көгілдір түсті камуфляжды костюм киген.

"Оныншы аймақ" пен "Дос" тобының өкілдері іздеу жұмыстарына кірісті. Біз Киев ауылындағы пәтер иелерінің кооперативі аймағынан іздеп жатырмыз. Сол жақтан адамдар хабарласып, көргендерін айтты. Бұл жұмысқа 60-қа жуық ерікті жұмылдырылды. Барлық шара полициямен бірлесіп атқарылуда", – деді Sputnik Қазақстан тілшісімен телефон арқылы сөйлескен қостанайлық еріктілер.

Ал қандай да бір ақпарат беремін деген адамдар 8-777-973-19-40, 8-707-197-18-48, 8-707-252-15-00 телефон нөмірі арқылы хабарласа алады.

Сондай-ақ, еріктілер Олег Ганя Виктория Ганяның үлкен ағасы екенін хабарлады.

Еске салайық, 2014 жылы жеті жастағы қыз педофилдің құрбаны болды.

Виктория Ганя 2014 жылдың 24 сәуірінде жоғалып кетті. Сол күні онымен бірге ойнаған балалардың айтуынша, оны бейтаныс адам белгісіз бағытқа алып кеткен.

Баланы іздеу бір айға жуық уақытқа созылды. Жеті жастағы Викторияның денесін еріктілер Рудный-Тобыл тас жолы бойындағы қараусыз қалған гараж ғимаратынан тапты.

ДНҚ сараптамасы арқылы қылмыскердің жеке басы анықталды.

Оқи отырыңыз: "Ақылымнан адастым": Рудныйда 7 жасар қызды зорлаған педофил қылмысы туралы айтты

Құқық қорғаушылар күдікті Лесниковты ідестіре бастағанда оның түрмеде отырғанын анықтаған. Сөйтсе, ол бұған дейін мерзімінен бұрын бостандыққа шыққанымен, тұрғылықты жері бойынша учаскелік инспектордың тіркеуіне бармай қойған. Сол үшін оған түрмеге қайта отырғызу жазасы қарастырылып, 2014 жылы 29 сәуірде қамады. Ал Виктория Ганя ол қамалардан бес күн бұрын жоғалған.

Тергеу нәтижелері бойынша Денис Лесниковтың Виктория Ганяны өлтіргені толық дәлелденіп, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.