Өңірлер

Қол алысуға болмайды: Павлодар облысында жаңа қаулы шықты

Қаулыға сәйкес, мекемелер штатында 30 адамнан артық қызметкер болған жағдайда олардың 70 проценті қашықтан жұмыс істеуге жіберілуі керек
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Павлодар облысының бас санитар дәрігерінің орынбасары Зәмзәгүл Дошанова жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Құжатта санитарлық нормаларды сақтау шараларына басымдық берілген. Соның ішінде бетперде кию мен әлеуметтік арақашықтықты сақтау бар. Тіпті, санитар дәрігерлер қол алысып амандаспауға кеңес беріп отыр.

"Объектілер мен қоғамдық көлікте, сондай-ақ жұмыс орындарында азаматтардың қол алысуын болдырмау, адамдар арасында екі метр әлеуметтік арақашықтықты сақтау мен бетперделерді дұрыс кию қамтамасыз етілсін. Жеке гигиена, түшкіру мен жөтелу этикетін сақтау қажет", – делінген қаулыда.

Бұдан бөлек, респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болғанда бірден жедел жәрдем шақыру керек. Осы орайда облыстық бас санитар дәрігер орынбасары емханаға бармай, үйде медициналық көмекке шұғыл жүгінуге кеңес береді.

Қаулыға сәйкес, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, ұлттық компаниялар, сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандар штатында 30 адамнан артық қызметкер болған жағдайда олардың 70 проценті қашықтан жұмыс істеуге жіберілуі керек.

ХҚКО-лар қалай жұмыс істейді

"Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына қарасты халыққа қызмет көрсету орталықтары мен 1414 байланыс қызметінің жұмыс кестесі сағат 09:00-ден бастап 17:00-ге дейін, ал сенбі 14:00-ге дейін белгіленді. Мамандырылған ХҚКО да солай жұмыс істейді.

Жексенбі күндері қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады. Сондай-ақ, 500 шаршы метрден асатын сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен жабық базарлар жұмыс істемейді.

Жабық үй-жайларда, сондай-ақ ашық орындарда ойын-сауық, спорттық және отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынған. Ойын-сауық мекемелері де жұмыс істемейді. Олардың қатарында караоке, бильярд, компьютер клубтары, букмекер кеңселері, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, кинотеатрлар мен тағы басқа адам көп жиналатын орындар бар.

50 адамға дейін шектеу қойылды

Ал кітапхана мен музей сияқты мәдениет нысандары жұмыс істейді. Бірақ ішінде жүргендердің саны 30 адамнан аспауы тиіс. Театрларда 50 адамға дейінгі шектеу қойылған. Діни нысандар да ашылады. Алайда ұжымдық шараларды өткізуге рұқсат жоқ.

Сауда орталықтары, сауда үйлері мен азық-түлік дүкендері түнгі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істесе, азық-түлік тауарлары сатылатын жабық базарлар мен азық-түлік сатпайтын дүкендер кешкі сағат 18:00-де жабылады.

Мейрамханалар мен дәмханалар, ойын-сауық сауда орталықтарында орналасқан қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істей береді. Сұлулық салондары, шаштараздар, СПА-орталықтар, моншалар мен сауналар кешкі сағат 20:00-ге дейін ашық болады.

Оқи отырыңыз: Биыл біз қатаң шектеу шараларынан айналып өте аламыз – Тоқаев

Облыстық командаларды даярлау үшін оқу-жаттығу жиындарын қайта бастауға рұқсат берілді. Бірақ бір мезгілде 30 адамнан артық жиналмау қажет. Спорт кешендері мен бассейіндер жұмыс істейді.