Қоғам

Орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтарға үндеу жасады

Әрбір қазақстандық сайлау күні белгіленген кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы, деп хабарлады орталық сайлау комиссиясы
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясының отырысында белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан азаматтарын сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша үндеу қабылданды.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауында 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие кез келген қазақстандық дауыс бере алады.

"Сіздің сайлаушылар тізімінде болуыңыз – сайлауға қатысуға конституциялық құқығыңыздың кепілі. Сайлаушылар тізімдерін жергілікті атқарушы органдар жасайды. Сіздің нақты сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңіз сізді сайлаушылар тізіміне енгізу үшін негіз болып табылады. Сайлау учаскелерінің шекаралары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 2020 жылы 5 қарашадан кешіктірілмей жарияланады", - делінген үндеуде.

Әрбір қазақстандық сайлау күні белгіленген кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне 10 желтоқсанға дейін жазбаша өтінішпен жүгіне алады. 

"26 желтоқсаннан бастап сізге өз сайлау учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз жайлы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі", - деді сайлау комитеті.

Айта кетсек, мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қараша күні кешкі сағат 18:00-де аяқталады.

10 желтоқсан күні сайлауалды үгіт-насихат басталып, 2021 жылы 9 қаңтарда 00:00-де аяқталады. 9 қаңтар – тыныштық күні.

Ал 10 қаңтарда қазақстандықтар таңғы жетіден кешкі сегізге дейін дауыс  береді.

Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталғаннан кейін жеті күннің ішінде сайлаудың нәтижесін жариялайды.