Әлем

Әлемге әйгілі компанияның бас директоры қайтыс болды

Ол 1987 жылы өзінің әкесі мен компанияның негізін қалаушы Ли Бен Чхолдың орнына Samsung-тің екінші төрағасы атанған болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Әлемге әйгілі Samsung компаниясының төрағасы Ли Гон Хи 25 қазанда 79 жасқа қараған шағында Сеул ауруханасында көз жұмды. Кәсіпкердің мұрасына Оңтүстік Корея прокуратурасы алаяқтық жасады деп күдіктенген оның ұлы Ли Чжэ Ен ие болды.

Атақты кәсіпкердің өлімі туралы Ренхап агенттігі хабарлады.

Өлімнің себебі нақтыланбаған.

Ли Гон Хи 1942 жылы дүниеге келген. Ол 1987 жылы өзінің әкесі мен компанияның негізін қалаушы Ли Бен Чхолдың орнына Samsung-тің екінші төрағасы атанған.

2014 жылы Ли Гон Хи жүрек талмасына ұшырады. Содан кейін корпорацияны бақылау іс жүзінде оның ұлы мен топтың еншілес компаниясы – Samsung Electronics-тің вице-президенті Ли Чжэ Енға өтті. Өйткені, ол компанияның мұрагері саналатын.

Оқи отырыңыз: "Тірідей өртейді": әйгілі француз актрисасы Тоқаевқа хат жазды

Алайда оңтүстіккореялық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Ли Чжэ Ен концернде билікке қол жеткізу мақсатында корпорация құрамындағы компанияларды біріктіруде заңсыз алаяқтыққа барғаны туралы прокуратура тарапынан күдікке ілінген.

Айта кетейік, Ли Гон Хидің Ли Чжэ Еннан басқа Ли Бу Чжин және Ли Со Хен есімді екі қызы бар. Тағы бір қызы Ли Юн Хен 2005 жылы өзіне қол жұмсап, қайтыс болған.