НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Қырғызстандық Орозбек Мейманбек уулуның салмағы бір жыл бұрын 134 келі болған. Ол өзі артық салмақтан арылып, өзгелерге үлгі болып жүр.
Жігіт жас кезінде арық болған, алайда 5-сыныпта салмақ қоса бастады. 16 жасында 93 келі, бірер жылдан соң салмағы 134 келіге жетті, деп жазады Sputnik Қырғызстан.
Орозбектің айтуынша, артық салмақ салдарынан тыныс алу қиындаған. Қозғалып, дұрыс ұйықтаудың өзі арманға айналған. Сол кезде жігіт спортзалға барамын деп шешті.
"Бәрі дұрыс тамақтанбау салдарынан туындады деп ойлаймын. Мен фастфудты көп жедім... Бастапқыда жаттығу қиын болды, сүйектерім ауырды. Кейін дәрумендер іше бастадым. Алғашқы айда 13 келіге арықтадым, бірден өзіме деген сенім пайда болды", - дейді Орозбек.
Жігітке пауэрлифтингтен Қырғызстанның абсолютті чемпионы - кәсіби бапкер, бодибилдингтен Азия чемпионы Келдибек Атайбек уулу көмектесіп жүр.
Чемпион жаттықтырған адамдар ішінде арықтау көрсеткіші бойынша Орозбек рекорд орнатты. Жаттықтырушының айтуынша, жігіт өзі ғана артық салмақтан арылып қана қоймай, өзгелерге үлгі болып жүр.
"Мен арықтаған кезде анам қатты қуанды. Туыстарым мен достарым өте таңғалды. Жастардың көп уақыты телефон мен компьютерге кетеді. Күніне бір сағатты жаттығуға арнасаңыз тиімділігі мен пайдасы көп болады", - деді Орозбек.
Енді ол тағы біршама арықтап, әскерге бармақ. Бұдан соң Қырғызстанның ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түсуді жоспарлап отыр.