НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова ММА файтері Қуат Хамитовтың өзін әйелі ретінде көргісі келетіндігі туралы мәлімдемесіне пікір білдірді.
Спортшы өзінің Instagram-дағы парақшасында Қуат Хамитов қатысқан бағдарлама сілтемесін репост жасап, "Бұл қандай қойылым?" деп жазған. Кейіннен желі қолданушыларының сұрағына жауап берген Алтынбекова былай деп жазды:
"Мен әрқашан Қуатты адалдығы мен турашылдығы және бойындағы қазақ батырының рухы үшін құрметтедім және құрметтеймін. Ол өзінің спорттық мақсаттарына қол жеткізетініне күмәнім жоқ".
Айта кетейік, бір күн бұрын Қуат Хамитов "Еуразия" телеарнасындағы "Қызық LIVE" ойын-сауық бағдарламасының қонағы болып, жеке өмірі жайлы жүргізушілердің сұрақтарына жауап берген болатын.
"Мен әйелімнің ұзын бойлы, тәрбиелі, қарапайым және пәк болғанын қалаймын. Ол мені біледі және өзі де спортшы. Волейболмен айналысады. Оның аты-жөні – Сабина Алтынбекова. Біз ара-тұра хабарласып тұрамыз. Мен оның жүрегін жаулап алу үшін көп күш жұмсауым керек шығар. Достарым кейде егер үйленсеңдер, Дэвид пен Виктория Бекхэм сияқты боласыңдар деп әзілдеп жатады", – дейді Хамитов.
Оқи отырыңыз: Қуат Хамитов дау тудырған видеосына қатысты мәлімдеме жасады
Еске сала кетейік, 26 қыркүйекте Хамитов соңғы төрт жылда ММА-да алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ресейлік Ахмад-Хан Боковпен өткізген жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.