Светлана Тихановскаяның екі апта бұрын Александр Лукашенкоға қойған "ультиматумының" мерзімі жексенбіде аяқталады. Беларусь билігінде оның талаптарын орындауға деген дайындықтың бар екенін білдіретін бірде-бір белгі байқалмайтындықтан, дүйсенбіден бастап "президент Светаның" уәдесіне сәйкес, Беларусь қоғамы бүкілхалықтық ереуіл, жолдардың жабылуы және мемлекеттік дүкендердегі сатылымдардың төмендеуі сынды хаосқа ұшырауы қажет.
Беларусьтегі наразылықтардың күн өткен сайын сәтсіздікке ұшырауын тек ішкі факторлармен байланыстыру дұрыс болмас еді, дегенмен олар бұл жағдайда үлкен рөл атқаратыны анық.
Беларусь оппозициясына (және оның шетелдік жетекшілеріне) сәттілік жетіспеді, өйткені түрлі-түсті революция феноменінің беделі түскендіктен, қазіргі билікті орнына түсіру мүмкін болмай қалды.
Он жарым жыл бойына бұл құбылыс (түрлі-түсті революция) билік үшін нақты қауіп-қатер төндірді және көптеген елдің оппозициясына, сөзсіз, шабыт беріп келді. Себебі түрлі-түсті төңкерістер керексіз билеушілер мен режимдерді өзгертуге арналған мінсіз әрі құдіретті қару болып саналды. Бұл түсінік кейбіреулердің рухын түсірсе, енді біреулердің бойында жеңіске деген сенім ұялатты.
Бірақ, саясатқа тікелей қатысы жоқ адамдардың басым бөлігі осы арқылы өмірді жақсы жаққа өзгерту әбден мүмкін деген сенімде болды.
Өйткені, түрлі-түсті төңкеріс – бұл тек мемлекеттік төңкеріс емес. Бірақ оны жарқын болашақ үшін және билікті тез арада өзгерту мақсатында көшелерге шығатын азаматтардың шоғырынсыз елестету әсте мүмкін емес. 2011 жылы Каирдің Тахрир алаңына және 2013 жылы Киевтегі Еуромайданға ондаған және жүз мыңдаған адамның шығуына міне, дәл осындай жағдай себеп болған еді.
Соңғы 15 жылда үшінші саяси дағдарысты бастан өткеріп жатқан Қырғызстанды алайық. Қазір бұл елде болып жатқан наразылықтарға "түрлі-түсті революция" деген атау қолданылып жатыр. Алайда мемлекеттік төңкеріс, халықтың көшеге шығып, жаппай наразылық танытуы қырғыз қоғамының жақсы жаққа өзгеруіне әсер етпегенін байқауға болады.
Арменияны мысалға келтірейік. 2018 жылы болған Ереван оқиғалары, сөзсіз, барқыт революциясының үлгілі мысалы болды. Демократия, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында бас көтерген көтерілісшілер билікті құлатып, таққа өздері сенім білдірген жаңа лидерді отырғызды. Және жаңа лидердің өз жұмысының алғашқы жылдарында мақтана алататындай тұстары да жоқ емес. Қалай болғанда да, сол жылдары Арменияда Украинадағыдай немесе Қырғызстандағыдай күрделі жағдайдың орын алмауын дәл қазіргідей заманда айтарлықтай жетістік деп те айтуға болады.
"Түрлі-түсті төңкеріс" термині егер сіз мемлекет басында тұрған кейбір керексіз жекелеген күштерді орнынан тастасаңыз, онда еліңіз гүлденген бау-бақшаға айналады, онда бәрі бір-бірімен өзара үйлесімділікте өмір сүреді деген елес іспетті болып көрінеді. Сондықтан, Қырғызстан мен Армениядағы жағдай Беларусь қоғамына дәл осындай елеске құрылған көзқарас ішкі және сыртқы саяси қарым-қатынас тұрғысынан шындыққа еш жанаспайтынын айқын ескертеді.