НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Елорданың сол жағалауындағы тұрғын үй кешенінде өрт шықты, деп хабарлайды төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметі.
Куәгерлер өрт сөндіру қызметінің өкілдері тұрғын үй кешенінің аумағына бірден жете алмағанын айтады.
"Сыртқы есік домофонмен жабдықталғандықтан, өрт сөндірушілер бірден кіре алмады. Сондай-ақ, олардың техникалары да ауладағы шлагбаум мен бағандар кесірінен діттеген жерге дер кезінде жете алмады", – дейді оқиға куәгерлері.
Ал төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 15-қабаттағы төрт бөлмелі пәтерде өрт шығып, екі бөлме отқа оранған.
"Бүгін сағат 14:24-те Сығанақ көшесіндегі 18/2 мекен-жайда өрт шыққаны туралы хабар түсті. Оқиға орнында 22 адам мен 5 автокөлік жұмыс істеді. Тұрғын үйдің кіре берісі қатты түтіндеп, адамдар эвакуацияланды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Өскеменде шұғыл қонуға мәжбүр болған ұшақ отқа оранды – видео
Қазіргі кезде өрт толығымен сөндірілді.