Өңірлер

Түркістанда Абай мен әл-Фарабидің ескерткіші орнатылды

Абай Құнанбайұлының ескерткіші қаладағы "Оқушылар сарайы" ғимаратының алдына орнатылған. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің ескерткіші жаңадан бой көтерген "Облыстық драма театр" алдына қойылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Түркістан қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай мен ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Абай Құнанбайұлының ескерткіші қаладағы "Оқушылар сарайы" ғимаратының алдына орнатылған. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші жаңадан бой көтерген "Облыстық драма театр" алдына қойылды. 

Түркістанда Абай мен әл-Фарабидің ескерткіші орнатылды

Демеушілер есебінен жасалған екі ескерткіштің де авторы – мүсінші Гүлфия Мелдеш. 

"Түркістан дербес облыс ретінде өркендеп, тарихи шаһар жасарып, жаңаруда. Түркістан бар қазақтың басын қосып, ел болып бәтуа жасаған тарихи алқап. Осы екі рухани тұлғаға арналған ескерткіштердің рухани астанамыз Түркістанда тұруы заңдылық. Өйткені бұл ескерткіштер жаңа тәуелсіздік заманында біздің рухани жаңғыруымызға қолдаушы әрі куәгер болады деген үміттен шыққан ниет", - деді мемлекеттік хатшы шара барысында.

Түркістанда Абай мен әл-Фарабидің ескерткіші орнатылды

Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өркениет көшіндегі әйгілі ойшылдардың мерейтойы қатар келген биылғы жылдың еліміз үшін елеулі жылға айналуын атап өтті.

"Біз бұл тойларды мемлекет басшысы айтқандай, ысырапшылдықпен емес, ынсап пен тәлім-тәрбиенің төңірегінде атап өтудеміз. Биылғы жылдың ауыр болғанына қарамастан біз ұлт руханиятына берері мол, рухани-мәдени бағыттағы біршама жұмыстар атқардық. Елеулі еңбектің бірі – бүгінгі тұғырға қонған бабаларымыздың бейнесі", - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, қоладан құйылған қос ескерткіштің биіктігі 4 метр, салмағы 1,5 тонна. 3,5 метрлік тұғырға орнатылған.