НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Дамыған елдерде бұрын азғантай теріс қылығы болған адамды судья қызметіне алмай қояды, осы тәжірибені қолға алу қажет. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Соңғы жылдары судья қызметіне кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілді. Іріктеу тәртібі де өзгерді. Бүгінде мықты заңгерлер, көрнекті ғалымдар және практик құқықтанушылар сот саласында тәжірибесі болмаса да, судья бола алады. Соттарға экономика мен құқықтың өзекті мәселелерін жақсы түсінетін мамандарды тарту қажет", - деді Тоқаев Қазақстан судьяларының VIII съезінде.
Осы орайда мемлекет басшысы шет елдердің тәжірибесі негізінде судьяларға қатысты тағы бір талапты қолға алу қажет деп санайды.
"Судьяның репутациясы мінсіз болуы шарт. Ал кандидаттарды іріктеу процесі ашық әрі жариялы түрде өтуі керек. Дамыған мемлекеттердің көбісі судьяларға өте жоғары талап қояды, тіпті бұрын болған азғантай теріс қылығы үшін осы қызметті бермей қояды. Бұл тәжірибені Қазақстанда қолға алу қажет деп санаймын", - дейді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Жоғарғы сот кеңесіне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Себебі осы құрылым судьяларды іріктеу шараларына жауап береді. Ал Жоғарғы сот жанындағы сот төрелігі академиясына біраз шаруа атқару қажет. Себебі 60 түлектің ішінде 7-уі ғана судьяның жолын таңдайды. Ал олардың дайындығына бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Тағылымдамадан өткен мамандар еңбекақының 70 процентін алып тұрады.