Қоғам

"Құтылу қажет": Тоқаев халық сеніміне ие болу үшін не істеу керектігін айтты

Тұрақты дамудың негізі - адам құқықтары қорғау және заңның үстемдігі, деп атап көрсетті Қазақстан президенті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Cот билігінің тәуелсіздігі осы жүйеге деген халықтың сенімін арттырудың міндетті шарты болып саналады. Қазақстан судьяларының VIII съезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Отандық және халықаралық сарапшылар судьялардың әлі күнге дейін соттар мен алқалардың төрағаларына тәуелді екенін айтып жатыр. Ондай тәжірибені қабылдай алмаймыз, одан құтылу қажет. Тағы бір маңызды проблема – судьялардың құқық қорғаушыларға тәуелді болуы. Судьяның тәуелсіз екеніне ешкім күмәнданбауы тиіс. Азаматтар, бизнес пен инвесторлар қазақстандық соттардың әділ әрі бейтарап шешім шығарып жатқанына сенімді болуы шарт", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, сот жүйесіне сапалы реформа жасау үшін ең алдымен судьялардың кәсіби дайындығына баса назар аудару қажет. Сот әділдігі болуы шарт. Сондай-ақ, инновациялық технологияларды қолданған жөн.

"Негізгі басымдық – адам құқықтары мен құқық үстемдігі. Жетекші елдердің тәжірибесі бір нәрсені анық көрсетті, тұрақты дамудың негізі ол - адам құқықтары қорғау және заңның үстемдігі. Ал сот билігінің тәуелсіздігі осы жүйеге деген халықтың сенімін арттырудың міндетті шарты болып саналады", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Айта кетейік, Жоғарғы сотта Қазақстан судьяларының VIII съезі өтуде. Отырысқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн байланыс арқылы қатысып отыр.