Әлем

Қырғызстанның экс-премьеріне іздеу жарияланды

Бұған дейін желіде бұрынғы үкімет басшысы Қырғызстаннан шығып, Францияға кетті деген ақпарат пайда болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исақов пен Бішкектің бұрынғы мэрі Албек Ибраимовқа іздеу жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

Қырғызстанның үкімдерді орындау жөніндегі мемлекеттік қызметінің хабарлауынша, оларға берілген демалыстың мерзімі 13 қазанда біткен. Сол күні жазаларын одан әрі өтеу үшін колонияға оралуы тиіс болған.

"Менде Бішкектің бұрынғы мэрі Албек Ибраимов пен бұрынғы премьер-министр Сапар Исақовтың қай жерде екендігі туралы ақпарат жоқ. Исақов қандай да бір елден саяси баспана сұрады ма, жоқ па... Ол жағы да белгісіз. Уәкілетті мемлекеттік органдар іздеу жариялады, олардың орналасқан жері тексеріліп жатыр. Оның шекарадан өткені туралы да бізде ақпарат жоқ", – деді премьер-министрдің орынбасары Мақсат Мамытқанов.

Ал интернетте Исақов Францияда жүр деген болжам айтылған ақпарат пайда болды.

Қырғызстанның үкімдерді орындау жөніндегі мемлекеттік қызметі Қылмыстық-атқару кодексінің 97-бабы негізінде 6 қазанда қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен шығуға рұқсат етілген адамдарды жазаларын өтеп жатқан жерлеріне қайтуға шақырды.

Сонымен қатар, демалыс беру шарттарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұрынғы премьер не үшін сотталды

Сапар Исақовқа 2018 жылдың 29 мамырында сыбайлас жемқорлық айыбы тағылды. Ал 5 маусымда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оны сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық тергеу аясында ұстады.

2019 жылдың 6 желтоқсанында Свердлов аудандық сотының шешімімен оның дүние-мүлкі тәркіленіп, 15 жылға сотталды.

Исақов дипломатиялық дәрежесінен, II дәрежелі "Манас" орденінен және үш жыл мерзімге мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.

Оқи отырыңыз: Қырғызстанда тағы бір бұрынғы премьер-министр ұсталды

2020 жылы 6 қазанда Қырғызстандағы наразылық акциялары кезінде Исақов экс-президент Алмазбек Атамбаевпен және басқа да сотталған бірқатар саясаткерлермен бірге ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторынан босатылды.

Исақов үйленген, төрт қыз және екі ұлдың әкесі.