Қоғам

Депутаттар марқұм әріптесінің соңғы тілегін орындауға шешім қабылдады

Щегельскийдің ұсынысы қолдау таппады, алайда депутаттар оның соңғы тілегін орындау қажет деген шешімге келді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Марқұм Глеб Щегельский өзінің соңғы депутаттық сауалында Ақтөбе облысындағы бес ауылға республикалық бюджеттің есебінен газ тартуды ұсынған болатын, деп хабарлады  "Эврика".

Сол кезде оның ұсынысы қолдау таппады, үкімет жобаны қаржыландырудан бас тартқан. Алайда депутаттар әріптесінің мезгілсіз қазасынан кейін осы мәселені қайта көтеруге шешім қабылдады. Себебі бұл оның соңғы тілегі болған. Енді, Ақтөбе облысында тағы бес ауылға газ тартылады.  

Депутат Глеб Щегельский 17 қазан күні 51 жасында жүрек ұстамасынан кенеттен қайтыс болды. 

Сенаттың бұрынғы спикері Дариға Назарбаева да депутаттың туған-туыстарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасатынын жеткізді.

"Дәл қазір сіздерге қаншалықты ауыр екенін білемін. Оның ортамызда жоқ екенін де түсіну қиын. Осы сәтте сіздермен бірге қайғырып, орны толмас қазаға ортақтасып, көңіл айтамын. Ол адамгершілігі мол мейірімді адам, нағыз профессионал еді", - дейді Назарбаева.

Глеб Щегельский туралы

Ол 1969 жылы Целиноград облысының Степногорск қаласында туған. Мәскеудің С.Орджоникидзе атындағы Авиация институтын бітірген.

Еңбек жолын Ақтөбе ферроқорытпалар зауытында балқытушы, инженер болып бастайды. Әр жылдары Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары, "Рика ТВ" ЖШС директорының орынбасары, индустрия және сауда министрлігінің Ақтөбе техникалық реттеу және метрология департаментінің директоры болып еңбек етті.

2012 жылдан парламент мәжілісінің депутаты болды.