АЛМАТЫ, 21 қазан – Sputnik. Алматы облысында Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткішке қатысты облыстың мәдениет басқармасы түсініктеме берді. Эскиздегі ескерткіш пен желіде тараған фото арасындағы айырмашылықтың бар болуына байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ескерткішін Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы Қонаев саябағына орнатуды Балқаш аудандық әкімдігі ұсынды. 15 қазанда Алматы облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясы құжаттарды қарастырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік комиссия қарауына ұсынды", - деді мәдениет басқармасы Sputnik Қазақстан тілшісіне .
Облыстың мәдениет басқармасының хабарлауынша, құрылған жұмыс тобы айырмашылықтар мен заңбұзушылықтарды анықтау үшін Балқаш ауданына іссапарға кетті.
"Әлеуметтік желіде пайда болған ескерткіштің фотосы мен комиссияға ұсынылған эскиздік жобадағы ескерткіш фотосы арасында айырмашылықтар анықталды. Осыған орай айырмашылықтар мен заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды", - деді басқарма өкілдері.
Айта кетсек, бұған дейін облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнатуға бюджеттен ақша бөлінбегенін хабарлады. Барлығы демеушілер қаржысына жасалып жатыр.