Қоғам

COVID-19 індеті: қанша оқушы вирус жұқтырғаны белгілі болды

Қашықтан оқып жүрген балалар арасында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 145 адам анықталып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният осы уақытқа дейін коронавирусты жұқтырған оқушылар санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Оқу жылы басталғалы оқушылар арасында коронавирус жұқтырудың 250 жағдайы тіркелді. Соның ішінде кезекші сыныптарда 105 оқушы вирус жұқтырды. Байланыста болған 1 426 адам анықталды. Олардың ішінде 19 адамның сынамасы оң нәтиже көрсетті", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Оның айтуынша, қашықтан оқып жүрген балалар арасында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 145 адам анықталып отыр. Олармен 348 адам байланыста болған. 

"Осы адамдардың ішінде жиырма екі адам COVID-19 жұқтырды ", - деп атап көрсетті Ғиният.

Айта кетейік, коронавирус пандемиясы басталғалы Қазақстанда 109 766 адам инфекция жұқтырып, 1 803 науқас қайтыс болды.

Ал бірінші тамыздан бері 36 200 адамға пневмония диагнозы қойылды, 388 адам көз жұмды.